13.10.2023
«АБАЙ ҒИБРАТНАМАСЫ» КІТАБЫ ОҚЫРМАНҒА ЖОЛ ТАРТТЫ

Бүгін Астана қаласында «Сенімен Болашақ» Республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігінің  ұйымдастыруымен «Абай ғибратнамасы» кітабының салтанатты тұсаукесер рәсімі өтті.

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде елімізге белгілі қоғам және мемлекет қайраткерлері, қазақ тарихы мен әдебиетіне еңбегі сіңген зиялы қауым өкілдері бас қосты. 

Салтанатты іс-шарада бірлестіктің құрылтайшысы Нұркен Асановтың қолдауымен жарыққа шыққан «Абай ғибратнамасы» кітабының тұсауы кесілді. Аталмыш еңбектің авторы белгілі ғалым Серік Негимов. Үнемі ізденіс үстінде келе жатқан профессордың  ұлттық әдебиеттану ғылымына қосқан үлесі өлшеусіз.

Кітаптың тұсаукесер рәсімінің лентасын ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ғалиасқар Төлендіұлы, Мемлекет және қоғам қайраткерлері Оразкүл Асанғазы мен Уәлихан Қалижанұлы, ҚР Мемлекеттік елтаңбасының авторы Жандарбек Мәлібекұлы, Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Бәтташұлы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Баянғали Тақанұлы, ҚР ҰҚК Құрметті қызметкері Ержан Бекбауұлы, «Сенімен Болашақ» РҚБ құрылтайшысы Нұркен Асанов ұстап, қиды. Құттықтау сөз сөйлеп, бұл кітап студенттерге, мектеп оқушыларына, жалпы кітапсүйер қауымға арналған баға жетпес қазына екендігін жеткізді.  

Симпозиум модераторы «Абай академиясы» ғылыми-зерттеу институтының директоры Жандос Мағазбекұлы болды. 

Өз кезегінде бірлестік құрылтайшысы Нұркен Асанов  Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Серік Негимовке еліміздің әдеби мұрасына қосқан үлесі үшін алғысын білдірді.

«Руханиятқа өз үлесін қосып келе жатқаны ғалым Серік Негимовқа алғыс білдіремін.  «Абай ғибратнамасы» кітабы Абайды қазақтың көзімен емес, ғұламалардың көзімен үштастырған ғылыми еңбек. Бұл еңбекті жазарда жастардың санасына жететіндей жеңіл жазылсын деп ұсыныс айтқан болатынмын. Біздің мақсат өскелең ұрпаққа бабалар мұрасын сіңіру», - деді Нұркен Асанов.

Серік Негимов «Абай ғибратнамасында» Абайдың стратегиялық, лидерлік, патриоттық, көшбасшылық, көрегендік, көсемдік идеяларға толы 42 ережесіне, афоризміне, нақыл сөздеріне талдау жасағанын айтты.

«Абай мыңжылдықтың тұлғасы. Бұнда ойшыл хәкімнің философиялық, әлеуметтік, саяси-қоғамдық көзқарасы таңбаланған. Әрбір сөзінің сыры да, құпиясы да өте терең. Сондықтан барынша Абайдың ұлы идеяларына негізделген асыл толғамдарының сырына үңілуге тырыстым», - деді профессор.