17.08.2022
БҰЛ ЖИЫН БАСҚАЛАРДАН ТЫМ ӨЗГЕРЕК

«Саналы ұрпақ – ұлт болашағы». Осындай атаумен  Нұр-Сұлтан қаласында  «Сенімен Болашақ» республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен ата-аналарға арналған республикалық тамыз  конференциясы өтті. Бұл шара сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиясының қолдауымен жүзеге асты. ҚР Тұңғыш Президенті мұражайында өткен алқалы жиынға ҚР Оқу-ағарту министрі Асхат Қанатұлы Аймағамбетов, ҚР ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Дана Нұржігіт, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының міндетін атқарушы Жандос Дүйсебайұлы Мұратәлиев, «Сенімен Болашақ» Республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігінің құрылтайшысы, қоғам қайраткері Нұркен Асанов пен өзге де зиялы қауым өкілдері мен еліміздің түкпір-түкпірінен келген 800-ден астам ата-ана қатысты. Жиынға сондай-ақ Еуропа елдерінен арнайы келген «EuroParents» еуропалық ата-аналар бірлестігінің вице-президенті Аivar Haller (Айвар Халлер) мен «Parents International» коммерциялық емес ұйымының директоры Eszter Salamon (Эстер Саламон) құрметті қонақ болып қатысты.   Жиынның модераторы  ҚР Президенті жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиясы төрағасының орынбасары Ляззат Рамазанова Керімқұлқызы болды.

Соңғы  уақыттарда ұлттық тәрбие туралы аз айтылып һәм аз жазылып жатқан жоқ. Бұрынғысын айтпағанда кейінгі М.Жұмабаевтың «Ұлт тәрбиесінен» Б.Момышұлының «Халық тәрбиесіне» дейінгі аралықтағы әдеби өнімде айтылған  қазақтың тәрбиесі жас ұрпақтың заман талабына сай болуына лайық құнды дүние екендігін уақыт өзі дәлелдеп отыр. Осыдан болар,  ұлттық тәрбие потенциалының  мына жаһандану заманында аса қажет дүниеге айналуы.  Азаматтардың ерікті бірлесуі нәтижесінде бір жыл бұрын құрылған «Сенімен Болашақ» Республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігі  осы олқылықтың орнын толтыруды мақсат еткен коммерциялық емес ұйым.  Қоғамдық бірлестіктің миссиясы – еліміздегі ата-аналар қоғамдастығы арқылы саналы отбасы мәдениетін қалыптастыру, ұлттық тәрбиенің үздіксіз процесс екенін ескере отыра оның қоғаммен барынша қабысуы арқылы ата-ананың бала тәрбиесіне деген жауапкершілігін арттыру. Өйткені тәуелсіз Қазақстанның қол жеткізген жетістіктерін сақтау әрі одан әрі нығайту ұлттық рухта тәрбиеленген ұрпақпен тікелей байланысты екендігі заңды. Бірлестік ұйымдастырған тамыз конференциясы да бала тәрбиесіне бағытталған ата-аналарға арналған тұжырымдамалық идеяларға негізделді. Конференцияның пленарлық отырысында сөз алған қатысушылар  биылғы «Балалар жылына» орай ұйымдастырылған іс-шараның маңыздылығын айтып,   ұрпақ санасын жаңғырту мәселесіне баса назар аударды. 

  • Жай ғана баласымен әңгіме барысында туған идея осындай республикалық деңгейдегі қозғалысқа ұласып отыр. Қандай тамаша жоба, бірлестік дүниеге келді. Менің ұсынысым, мұндай ата-аналарға арналған тамыз конференциясы дәстүрге айналып, жыл сайын өткізіліп тұруы керек. Өйткені, мұндай жиынның өзегінде балалар тұрады, болашағымыз тұрады. Солар үшін арналған жиын бұл. Баланың басты ұстазы – ана-ана болғандықтан,  ата-ана өз міндетін жауапкершілікпен атқарса деген ниет бар, - деді  ҚР Парламенті Сенатының депутаты Дана Нұржігіт,

Жиын  барысында сөз алған бірлестік құрылтайшысы Нұркен Асанов жоба  аясында атқарылған жұмыстарды саралап, қол жеткізілген нақты нәтижелерге тоқталды. Жаңа ұрпақтың тәлім-тәрбиесін ұлттық нақышта  қалыптастыруға негізделген бағыттар бойынша жүргізілген жүйелі жұмыстардың жалғасатындығына сендірді.

Ал, «Parents International» коммерциялық емес ұйымының директоры Eszter Salamon осындай ауқымды басқосуға шақырылғанына ризашылығын білдіріп, өз ұйымдары туралы таныстырып өтті.

  • Біздің «Parents International» коммерциялық емес ұйым 2016 жылы құрылып, халықаралық деңгейде жұмыс жасайды.  Ұйымымыздың үш түрлі мүшелері бар: біріншісі – ата-аналар ұйымдары, екіншісі ол ата-аналарға бағыттап жұмыс жасайтын ұйымдар, яғни «Сенімен Болашақ» сияқты ұйымдар, үшіншісі – осы салада зерттеулермен айналысатын сарапшылар. Ұйымда арнайы ғылыми кеңес жұмыс жасайды. Кеңестің құрамында дүниежүзіне аты мәлім зерттеушілер мен ғалымдар топтасқан. Олар ата-аналар, ата-аналардың оқу процесіне және жалпы тәрбие ісіне қатысу бойынша зерттеулер жүргізеді.  Жұмысымыз  БҰҰ-ның балалар құқықтарын қорғау конвенциясына негізделеді, - деген директор «Сенімен Болашақ» бірлестігін  осы жылдың 11-12 қарашасында Еуропа ата-аналар Ассоциациясының ұйымдастыруымен Люксембургте өтетін конференцияға  шақырды. Шара барысында

«Сенімен Болашақ» Республикалық қоғамдық бірлестігі мен Эстониялық «EuroParents» еуропалық ата-аналар бірлестігі арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Конференцияның екінші бөлімі семинар-тренингтермен жалғасты. Арнайы шақырылған Паата Амонашвили «Гуманная педагогика в семье» тақырыбында дәріс оқыса, абайтанушы, филология ғылымдарының кандидаты Омар Жәлелұлы «Отан отбасынан басталады» тақырыбында тренинг өткізді. Ал психолог  Ержан Мырзабай «Баланы жазасыз тәрбиелеуге» шақырды.

Конференция халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобалардың   жүлдегерлерін даярлаған бірқатар ұстаздарды марапаттаумен тәмамдалды. «Сенімен Болашақ» Республикалық қоғамдық бірлестігі әр ұстазға  қаржылай сыйақы беріп, еңбектеріне сәттілік тіледі.

Іс-шара спикерлері:
Ляззат Керімқұлқызы Рамазанова
Ляззат Керімқұлқызы Рамазанова
ҚР Президенті жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиясы төрағасының орынбасары
Асхат Қанатұлы Аймағамбетов
Асхат Қанатұлы Аймағамбетов
ҚР Оқу-ағарту министрі
Саясат Нұрбек
Саясат Нұрбек
ҚР Ғылым және жоғары білім министрі
Жандос Дүйсебайұлы Мұратәлиев
Жандос Дүйсебайұлы Мұратәлиев
ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының міндетін атқарушы
Дана Нұржігіт
Дана Нұржігіт
ҚР Парламенті Сенатының депутаты
Нұркен Жарылқапұлы Асанов
Нұркен Жарылқапұлы Асанов
«Сенімен Болашақ» Республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігінің құрылтайшысы, қоғам қайраткері
Шақырылған қонақтар:
Паата Шалвович Амонашвили
Психология ғылымдарының докторы
Eszter Salamon
«Parents International» Халықаралық ата-аналар альянсының директоры
Aivar Haller
«EuroParents» еуропалық ата-аналар бірлестігінің вице-президенті