31.05.2023
МӘШҺҮР ЖҮСІПТІҢ БЕС ТОМДЫҚ ТАҢДАМАЛЫ ШЫҒАРМАЛАР ЖИНАҒЫ ЖАРЫҚ КӨРДІ

Биыл Алаш жұртының әйгілі перзенті, ғұлама ғалым, ақын, фольклоршы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының туғанына 165 жыл. Бүгінде мәшһүртану ғылымы тарих пен әдебиеттің, лингвистика мен мәдениеттің іргелі салаларының біріне айналып, шығармашылығы әр түрлі бағытта зерттелуде. Соған орай жер-жерде мазмұнды, тағылымды, тәлімді іс-шаралар да көптеп өтуде.

Сол шаралардың бірегейі  «Сенімен болашақ» РҚБ ұйымдастыруымен өтті. 31 мамыр - Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні аясында ұйымдастырылып жатқан симпозиумға мемлекет және қоғам қайраткерлері, қазақ тарихы мен әдебиеті еңбегі сіңген зиялы қауым және БАҚ өкілдері қатысты.

Шара барысында бес томдық таңдамалы шығармалар жинағының салтанатты тұсаукесу рәсімі өтті.  «Сенімен Болашақ» РҚБ қолдауымен Әдебиет және өнер институты білікті мамандарының күшімен бұрынғы текстологиялық қателіктерді түзетіліп шыққан кітаптың тұсаукесер рәсімінің лентасын Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, профессор Серік Негимов, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының ұрпағы, профессор Нартай Жүсіпов, Президентінің кеңесшісі Омаров Бауыржан ұстап, қиды. Құттықтау сөз сөйлеп, бұл кітап студенттерге, мектеп оқушыларына, жалпы кітапсүйер қауымға арналған баға жетпес қазына екендігін жеткізді.

Түсаукесердің алғы сөзін бастап берген бірлестік құрылтайшысы Нұркен Асанов алдымен ұйымның құрудағы басты міндеттеріне тоқталып өтті.

Нұркен Жарылқапұлы ақынның бес томдық жинағы 100 білім мекемесі мен кітапханаға, мешітке тегін таратылатынын атап өтті. Жинақ 10 мың данамен басып шағарылды.

«Қазақ руханиятына, ұрпағымызға береріміз көп болсын. Жас ұрпағымыздың жарқын болғашағы кемел болсын десек, ұлы тұлғаларды ұмытпайық. Әрқашан да ұлықтайық!» - деді Нұркен Жарылқапұлы.

Әдебиет және өнер институты директорының орынбасары, филология ғылымының кандидаты, доцент Төрәлі Қыдыр аталған бес томдықтың алғашқы кітабында Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының өмірбаяндық және әр түрлі тақырыптағы өлеңдері берілгенін айтты. Одан кейінгі кітаптарында ой-толғаныстары, тұғалар жыры, аңыз өлеңдер немесе рауаяттары, жетпіс баптан тұратын ғибратнамасы, дастандары, аңыз хикаяттары, айтыстары, арнаулар мен жоқтаулары және мысал өлеңдері енген.

«Мәшһүр Жүсіп бабамыздың руханияты өзгеше. Осыдан бес-алты ай бұрын «Сенімен болашақ» ұйымы біздің институтпен келісіп, жоба бастаған уақытта қатты қуандық. Себебі – ғылым мен бизнесті ұштастыру дейтін талаптарымыз бар. Сол жағынан қатты қуандық. Кәсіпкерлеріміздің қазақ руханиятына көңіл бөлуі – бізді бір ерекше сезімге бөледі. Соның нәтижесінде бес томдық еңбек дайындалды», –  дейді Төрәлі Қыдыр.

Кітаптың тұсаукесер рәсімінде Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлінің құттықтау хаттары оқылды.

«Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының бес томдық шығармалар жинағын зор ықыласпен қабылдадым. Мәшһүр Жүсіп – ұлтымыздың ұлы перзенттерінің бірі. Қазақ руханиятының бастауында тұрған тұлғалардың қатарынан саналады. Оның шығармашылығын жас ұрпаққа таныстырып, қайта басып шығару маңызды іс. Қоғамдық бірлестік қызметкерлеріне разашылығымды білдіремін. Бұл таңдамалы жинақтар – мәшһүртануға зор үлес қосады деп сенемін», – делінген Ерлан Қариннің құттықтау хатында.