19.10.2023
НҰРКЕН АСАНОВ XI АЗАМАТТЫҚ ФОРУМНЫҢ ЖАЛПЫ ОТЫРЫСЫНДА СӨЗ СӨЙЛЕДІ

Бас қала төрінде XI Азаматтық форумның өтіп жатқанына екінші күн. Жиында «Сенімен Болашақ» Республикалық қоғамдық бірлестігінің құрылташысы Нұркен Асанов сөз сөйледі.

Тыңдаушылардың назарын қоғамда саналы ата-ана қалыптастыру арқылы бақытты бала тәрбиелеудің маңыздылығына аударып, сол жолда қарқынды жұмыс істеп жатқан бірлестікті құрудағы басты идеясымен бөлісті.

Кәсіпкерлік пайда табу, нан табу емес, асыл кәсіпкерлік пайда тигізу деген ұстанымды ұстанған Нұркен Жарылқапұлы бірлестік құру арқылы мемлекетіміздің дамуына өз үлесін қосу үшін жолға шыққанын айтты. Мақсаты – отау ішінен отау тігу емес, отау ішінде отбасы ошақ қасын реттеуге атсалысу.

«Елдің елдігін сақтауда өткен тарихымызды мадақтап, адами құндылықтарды дәріптеп, тарихи тағдырды сынамай сенімділікпен, жауапкершілікпен болашаққа қарап елге, ұрпаққа малымызбен, жанымызбен қызмет етуіміз қажет. Істелмеген істі емес, істелінген істерімізді шынайы түрде көрсетсек қана қазіргі альфа ұрпақ ой түйіп, бағасын беріп, жарқын болашағына саналы да сенімді жол бастары анық», - деді өз сөзінде Нұркен Асанов.

Мемлекетіміздің, Президентіміздің жасап жатқан стратегиялық қадамдарына Blue Ocean стратегиялық қағидасын ата-ана және кәсіпкер ретінде тиімді және жылдам жүзеге асыруды ұсынды.

Бұған дейін Павлодар қаласында жүзеге асқан «Жеңімаз жеткіншек» жобасын алдағы 2024 жылы Республика деңгейінде өткізу жоспарда барын айтты. Еліміздегі 126 мың жетімді қазақстандықтардың асырап алуына жағдай жасап, жетімдер үйін азайтуды көздейтінін жеткізді.

Ел тізгінін ұстарлық саналы да сапалы ұрпақ тәрбиелеуде бірлесе қызмет етуге шақырды.