16 қазан күні Шымкент қаласында өткен республикалық ата-аналар форумы туралы қатысушылардың кері байланыстары осы форумның қоғамға керектігін көрсеткен. Себебі қатысқан ата-аналар ұйымдастырылып отырған бұл шараны өте жоғары бағалап, алдағы уақытта осындай іс-шараларды асыға күтетіндерін жеткізген болатын. Сондықтан, «Сенімен Болашақ» Республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігі Павлодар қаласында 2021-жылдың 20-қараша күні «Банкет-Холл» мейрамханасында «Ата-ана – Ұлттың Ұясы» аймақтық ата-аналар форумын ұйымдастырды.
Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай арналған форум ата-аналарға бала тәрбиелеу жұмысында ата-ананың рөлі үлкен екеніне назар аударту және педагог мәртебесін насихаттау мақсат етті.
Бағдарламаға сәйкес бойынша тіркелу таңертең 09:00 басталды немесе онлайн түрде алдын-ала тіркеу жасалған. Форумның ашылу салтанаты ҚР мемлекеттік гимнімен басталып, әрі қарай пленарлық отырыспен жалғасты. «Сенімен Болашақ» Республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ғалымбек Бермағанбетов пленарлық отырыста қатысып, модераторлық қызметін атқарды.
Форумның ашылу салтанатында zoom арқылы байланысқа шыққан ҚР Парламент Сенатының депутаты Дана Нұржігіт сөз сөйлеп, жиынның маңызын атап өтті.
- Баланың бас ұстазы – ең бірінші кезекте ата-ана. Бала ата-анасын, ата-ана баласын танымайынша іс алға баспайтыны анық. Баланың сырын да, мұңын да ата-анасынан артық ешкім біле бермейді. Сондықтан бала тәрбиесінде ата-аналар мен ұстаздар бірлігі қажет-ақ. Ата-ана мұғалімге көмекші, сенімді тірек болса, мұғалім де сондай болуы керек. Екі жақты байланыс нығайғанда ғана барлық күрделі мәселелердің түйіні шешіледі, - деп ойымен бөлісті Дана Нұржігіт.
Сенат депутаты жалпы бала тәрбиесінде туындаған мәселелерді шешу жолында мемлекет тарапынан психологтардың көмегін де ұсыну қарастырылып жатқанын айтты. Бұл бүгінгі пандемиялық ахуалдан кейінгі балаға қажет екенін Сессияның алғашқы отырысында үкіметке ұсыныс тастап, жолдағанын жеткізді.
- Біз бала тәрбиесінде команда болып жұмыс жасауымыз керек. Баланы ұжыммен дайындайтын болсақ, біздің балаларымыз міндетті тұрде Қазақстанның болашағын өркендететін Отанына адал, білімді ұрпақ болатыны сөзсіз, - деді Дана Нұржігіт.
Пленарлық отырыста бірлестіктің құрылтайшысы, қоғам қайраткері Нұркен Асанов, Павлодар педагогикалық университеті Жоғары педагогика мектебінің ғылым және интернационалдандыру бойынша вице-деканы Алтынай Мұрзатаева, «Дарынды балаларға арналған Абай атындағы гимназия» директоры Салтанат Шабажанова сөз сөйлеп, бала тәрбиесі жайлы ұсыныстарын ортаға салды.
Форум қатысушыларын сергіту мақсатында кезек ән-шашуға берілді. Өнер көрсететіндер арасында «Музарт» триосының бұрынғы әншісі Мақсат Базарбаев және қазақ эстрадасының жұлдызы Ғаділбек Жанай болды.
Пленарлық жиыннан кейін форум түрлі тақырыптағы семинар-тренингтермен жалғасты. Бала тәрбиесі саласындағы отбасылық коуч, гуманды педагог, Асхат Абжанов, отбасы маманы, педагог-коуч Ғалымбек Бермағанбетов, педагог-профориентолог Нариман Утеубаев секілді мамандардың тәжірибесі форумға келгендердің көңілінен шықты. Шараға тек Павлодар қаласының тұрғындары емес, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Ақмола, Қарағанды облыстары және Нұр-Сұлтан қаласының да ата-аналары қатысып, құнды ақпараттар алды.
Шара соңында қатысушылар аталмыш форумнан өте жақсы әсер алғандарымен бөлісіп, алғыс білдірді. Бірі бүгінге дейін бала тәрбиесінде дұрыс бағыт ұстанғаныма көз жеткіздім десе, енді бірі баламен қарым-қатынаста басқа тәсіл керек екенін түсіндім деген пікірлерімен бөлісті. Семинар-тренингте мамандардың қозғаған тақырыптары ата-аналар үшін қызықты әрі пайдалы болғаны соншалық, кейбір қатысушылар көз жасына ерік беріп жатты.
- Ата-аналарға бала тәрбиелеу жұмысында ата-ананың рөлі үлкен екеніне назар аударту
- Педагог мәртебесін насихаттау