25.12.2021
РЕСПУБЛИКА КӨЛЕМІНДЕ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛҒАН АЛТЫНШЫ ФОРУМ

«Сенімен Болашақ» республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігі республика көлемінде ұйымдастырған «Ата-ана – ұлттың ұясы» атты алтыншы форумы Семей қаласында өтті. 

Форумға жиналған жұртшылық бала тәрбиесіндегі өзекті мәселелерді қызу талқылап, ойлары мен ұсыныс-тілектерін ортаға салды.

Ашылу салтанатында zoom арқылы  байланысқа шыққан ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің жастар және отбасы істері комитеті төрағасының орынбасары Дамир Жүнісов отбасы құндылықтарын насихаттауда нәтижелі еңбек етіп келе жатқан «Сенімен Болашақ» республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігінің жұмысына сәттілік тіледі. Шара барысында Білім және ғылым министрлігінің мектепке дейінгі және орта білім беру комитетінің төрайымы Гульмира Райымбекқызы жолдаған құттықтау хаты оқылды. 

Пленарлық отырыста «Сенімен Болашақ» республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігінің негізін қалаушы Нұркен Асанов өз сөзін қатысушыларға «Ата-аналар баланың өмірінде бармыз ба?» деп ой саларлық сұрақ қойып бастады. Ата-аналардың көбі баланың ішкі жан дүниесіне үңіле бермейтінін, бұйыруға, ұрсуға бейім тұратынын, бұдан еш пайда жоқтығын, керісінше құрғақ ақыл айтқаннан гөрі іспен дәлелдегеннің маңыздылығына тоқталды.

Бас қосудың келер ұрпақ үшін жөні бөлек, мазмұны терең екенін тілге тиек еткен Семей қаласы әкімінің орынбасары Айдар Садырбаев ұлы Абай мен данышпан Шәкәрімдей дара тұлғалардың өмір жолын өнеге ретінде ұстанып, балаға өз тәрбиемізбен үлгі болғанымыз жөн екенін атап өтті. «Бізге тәрбиенің методикасы мен методологиясын қыр асып іздеудің қажеті жоқ. Оның барлығы біздің атадан балаға мирас болып келе жатқан салт-дәстүрімізде, әдет-ғұрпымызда асыл дінімізде, ұлы бабаларымыздың өсиет өлеңдерінде тайға таңба басқандай сайрап жатыр» - деді Семей қаласы әкімінің орынбасары.

Ал Әлихан Бөкейхан университетінің тәрбие және әлеуметтік жұмыстар жөніндегі проректоры Айрат Базенов жанұяда үйлесімдік пен келісім, өзара құрмет болғанда ғана елімізде болып жатқан барлық мәселелердің шешімі табылатынына тоқталды. Бүгінгі ата-аналардың «балам, уақытым жоқ содан кейін» деген бір ауыз сөзінің салдарынан қоғамда  туындап жатқан өткір мәселелерді саусағымен санап айтып берді.

Сонымен бірге, Семей қаласы білім бөлімінің басшысының орынбасары Біржан Булабаев пен Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің директоры Бағдан Қайыржанов қатысып, мемлекеттік идеология мен ұлттық құндылық туралы ойларын қатысушыларға талдай отырып жеткізді.

Қоғам назарын бала тәрбиесіне аударуды көздеген ауқымды шараға Шығыс Қазақстан, Павлодар, Алматы облыстарынан екі жүзден аса ата-аналар мен ұстаздар қатысты.

Іс-шара спикерлері:
Дамир Жүнісов
қоғамдық даму министрлігінің жастар және отбасы істері комитеті төрағасы
Нұркен Асанов
«Сенімен Болашақ» республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігінің негізін қалаушы
Айдар Садырбаев
Семей қаласы әкімінің орынбасары
Айрат Базенов
Әлихан Бөкейхан университетінің тәрбие және әлеуметтік жұмыстар жөніндегі проректоры
Форумнан видео