28 тамыз күні «Жаңа оқу жылына ата-ана қалай дайындалуы қажет?» тақырыбында республикалық ата-аналар тамыз конференциясы өтті. «Сенімен Болашақ» республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігінің ұйымдастырған онлайн-форматтағы шараға еліміздің түкпір-түкпірінен ұстаздар мен ата-аналар қатысты.
Тамыз конференциясы жаңа оқу жылына жаңа серпін береді. Сондықтан оқу жылының қарсанында өткен жиында ұстаздар мен ата-аналар атқаруы тиіс міндеттері сөз болды. Онлайн жиын барысында зерттеуші педагог, халықаралық деңгейде білім саласында зерттеулерге негізделген туындылардың авторы Нұрлан Имангалиев «Баланың академиялық үлгерімі үшін ата-ана жаңа оқу жылын қалай жоспарлауы қажет?» тақырыбында, отбасылық коуч Асхат Абжанов «Нужно ли контролировать учебу детей?!» тақырыбында, мектептерде психологиялық қызмет жүйесін бақылаушы психолог Айжан Адильбаева «Баланы мектепке дайындау барысында не ескеру қажет?» тақырыбында, «Сенімен Болашақ» республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігінің төрағасы, педагог-коуч Ғалымбек Бермағанбетов «Баланың жан-жақты дамуы үшін ата-ана нені ескереді?» тақырыбында дәріс оқып, ата-аналармен пікір алмасты.
Сонымен бірге, пленарлық отырыста «Сенімен Болашақ» республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігінің негізін қалаушы Нұркен Асанов пен білім және ғылым вице-министрі Шолпан Таңатқызы сөз сөйлеп, жаңа оқу жылына сәттілік тіледі.