18.11.2023
«СЕНІҢ БОЛАШАҒЫҢ» ДӘСТҮРЛІ СТРАТЕГИЯЛЫҚ СЕССИЯСЫ

Бурабайда үшкүндік «Сенің болашағың» дәстүрлі стратегиялық сессиясы өтті. Оған бірлестіктің барлық өңірлердегі қызметкерлер қатысты.  

Сессияның ресми ашылу салтанатынан кейін жас мамандар ант қабылдады.  Бірлестік миссиясына адал әрі нәтижелі еңбек етуге уәде берген қызметкерлерге бірлестіктің қойын кітапшасы мен значогын құрылтайшы Нұркен Жарылқапұлы табыс етті.

Бірлестік төрағасы Жансая Бердімұратқызы «Ұлы жоспарлардың уақыты» тақырыбында, төраға орынбасары Алия Жұманиязқызы «Кеше - арман, бүгін - мақсат, ертең - шындық» тақырыбында, Медиа және ақпарат бөлімінің басшысы Нұрасыл Жасұланұлы «Коммуникациялық тәсілдер» тақырыбында сөз сөйледі. Сондай-ақ филиал басшылары өздерінің табысты іске асып жатқан нәтижелі жұмыстарының қыр-сырымен бөлісті. Қызметкерлерге психолог Сымбат Нұртазақызы түрлі трансформациялық ойындарды ойнатып, бірлесіп жұмыс істеу дағдысын шыңдады.

Дәстүрлі стратегиялық сессияның екінші күні фасилитацияға арналды. «Сенімен Болашақ» Экосистемасы тақырыбында өткен тренингті сертификатталған бизнес тренер, коуч Қайсар Мақан жүргізді.

Қатысушылар бір жыл бұрынғы стратегиялық сессиядағы жоспарды қайта бір саралап өтті. Сол жоспарлардың  көп бөлігінің жүзеге асқанын көрген бірлестік қызметкерлері бір серпіліп қалды. Ал орындалмаған жоспарлар бойынша тыңғылықты жұмыс істеу керектігін ұғынды. Сондай-ақ сессия барысында бірлестік ашылғаннан бері жеткен жетістіктері айтылып, кедергілер талқыланды. Және сол кедергілерді жою үшін қандай нақты шаралар қолдану керектігін кеңесіп шешті.  Жоба құру барысында кездесетін мәселелер мен  қиындықтардың шешу жолын ортаға салды.

Бір күндік Фасилитацияда Қайсар Мақан өткен жылмен салыстырғанда ұжымның деңгейінің өскенін кәсіби маман ретінде жоғары бағалады.

Іс-шара қорытындысында бірлестік төрағасы Жансая Бердімұрат фасилитация мәселені шешудің бағдаршамы екенін айтты. Барлық қызметкерлерге сертификат табыс етіп, алған білімдері оң нәтиже беретініне сенім білдірді.  

Стратегиялық сессияның үшінші күні қорытынды күн болды. Бірлестік құрылтайшысы Нұркен Жарылқапұлының қатысуымен өткен қорытынды жиында  ұжымның барлық қызметкерлері  сессиядан алған әсерін, пайдалы тұсын және  жұмысты оңалтуға қатысты пікірлерін ортаға салды.

Мұндай іс-шара ұжымның бірлігін арттырып қана қоймай өткен  іске қорытынды жасауға үлкен ықпалын тигізетінін жеткізді. Үш жыл ішінде атқарылған істерді одан ары жандандыруға, алдағы уақытта  тиімді жобалар жасау үшін нық жоспарлар құруға белсене кірісетіндіктерін жеткізді.

 

«Сенімен Болашақ» РҚБ баспасөз қызметі