«Сенімен Болашақ» республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігі Павлодар облыстық филиалының ұжымы Ақсу қаласына барып, дарынды балаларға арналған мамандандырылған гимназияның 5-6 сыныбында білім алатын оқушылардың әкелерімен кездесті.
Әкелердің назарын бала тәрбиесін аудару мақсатын көздеген шара «Бала тәрбиесі – бесіктен басталады» тақырыбында өтті.
Кездесу барысында «Сенімен Болашақ» республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігі Павлодар облыстық филиалының директоры Хызыр Жанарыс баланы мектепке беру мен оқу процесінде қолдау білдіру қажеттігін айтса, Ақсу қаласының білім беру бөлімінің әдіскері Айжан Касенова дарынды балаларға өз ынтасына қарай бағыт бағдар берудің маңызына тоқталды. Сонымен бірге бала дамуының кезеңдерін бөліп қарастыру туралы да сөз болды. Баршамыз білетіндей, бала психологиясы: 5 жасқа дейін, 5-12 жас, 12-14 жас деп бөлінеді. Осы әр кезең бала дамуы үшін аса маңызды. Сондықтан ата-аналарға баламен сау қарым-қатынас орнатуды түсіндіру қажет.
Шара соңында Ақсу қаласының дарынды балаларға арналған мамандандырылған гимназиясының директоры Әскербек Дүйсенбаев «Сенімен Болашақ» республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігінің ұжымына ата-ана қажетіне жарайтын пайдалы ақпаратпен бөліскені үшін алғысын білдірді.