Ән мен әнші үйлескенде әсем әуен шығады. Адамзатқа қызмет ұлтқа, нәсілге бөлінбесі хақ. Адамды адам болғаны үшін бағалау оны қабылдай білуден басталады. Ізгілік педагогикасы: қабылдау, ризашылық және сүйіспеншіліктен тұрады. Осы тұрғыда қолдағы жақсы дүниені Еуропа еліне одан қала берді бүкіл әлемге паш ету мақсатында академик Шалва Амонашвили мен «Сенімен Болашақ» РҚБ құрылтайшысы Нұркен Асанов ақылдаса отырып, бір мәмілеге келіп Еуропаға ізгілік педагогикасының есігін ашты.
Неге Шалва Амонашвили?
Өйткені өз саласының, өз миссиясының әні мен әншісі үйлескен жан. «Сенімен Болашақтың» да басты ұстанымы – ой ояту. Яғни, адам өзегіне оралмай өзгені жарылқамасы айдан анық. Осындай ортақ құндылықтар үйлескендіктен Нұркен Асанов пен Шалва Амонашвили бірге жол алуды жөн көрді.
«Сенімен Болашақ» ұжымы Швейцарияның Люцерн қаласында өткен «Бірінші еуропалық педагогикалық» форумына қатысты. Форум «HSP» қорының ашылуы аясында өтті. Аталмыш қор «Сенімен Болашақ» бірлестігінің құрылтайшысы Нұркен Асановтың бастамасымен ашылды. HSP – қазақ тіліне аударғанда гуманды және әлеуметтік педагогика деген мағынаны білдіреді.
Іс-шараға Еуропа мен Америкадан 300-ден аса адам қатысып, олар қазақстандық «Сенімен Болашақ» бірлестігімен танысты. Бірлестік құрылтайшысы Нұркен Асанов жаңадан ашылған қорға қазақтың қара домбырасын сыйға тартты. Бірлестік төрағасы Жансая Бердімұрат ұйымның атқарған жұмыстары мен жоспарларына тоқталып өтті.
Басты спикерлер – гуманды педагогиканың негізін қалаушы, академик Шалва Амонашвили мен Паата Амонашвили болды.
Шетелдік қатысушылар ата-аналарға арналған бірлестіктің қажеттігін айтып, Қазақстанда осындай бірлестік барына таңғалыстарын жасырмады. Жиналған қатысушылар адами құндылықтар тақырыбын көтеріп, ойлары бір жерден шықты. Кешті Шалва Амонашвили түйіндеп, дүйім жұрттың алдында Нұркен Асановқа Халықаралық ізгілік педагогикасының бас кеңсесін Еуропа төрінде орналастыруға өтініш жасады. Нұркен Асанов академикті бірауыздан қолдады. Өз кезегінде Нұркен Асанов қатысушыларға адамзат өзегіне оралмай өзін таппай өркендеп өсіп, өркениетке жете алмасы анық екенін айта отырып, кім болсаң ол бол – адам адам болып қалу қасиетін жоғалтпауы тиіс деген үндеу тастады.