Ақсу қаласының №2 жалпы орта мектебінде «Ұлтты тәрбиелеу отбасынан басталады» тақырыбында ата-аналарымен кездесу өтті. Шараны «Сенімен Болашақ» республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігі Павлодар облыстық филиалы ұйымдастырды.
Мақсат – ата-аналарға жас ұрпақты тәрбиелеу жолындағы жауапкершілігін арттыру.
Кездесудің ашылу салтанатында Ақсу қаласының №2 жалпы орта мектебінің директоры Аршагүл Шалабаева сөз сөйлеп, «Сенімен Болашақ» республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігіне алғысын білдірді. «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы дегендей, балаға үнемі әдептілік тәрбиесін беру арқылы оларды дұрыс жолға бағыттау маңызды. Ата-ана сауатын арттырп, оларға психологиялық-педагогикалық білім беруге атсалысып жүрген бірлестіктің еліміз үшін пайдасы мол», – деді білім ошағының директоры.
Шараға «Сенімен Болашақ» республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігі Павлодар облыстық филиалының директоры Хызыр Жанарыс, дарынды балаларға арналған Абай атындағы гимназияның директоры Салтанат Шабажанова мен гимназияның тәрбие ісі жөніндегі директордың орынбасары Шерхан Жұмабекұлы, Павлодар педогогикалық университетінің аға оқытушысы Жанерке Дәулетхан мен университеттің «Педагогика және психология» білім беру бағдарламасының оқытушысы Арай Рахимжанова қатысты. Кездесу барысында бүгінгі таңдағы бала тәрбиесі, «ұстаз-ата-ана-бала» үштік одағының ынтымағын нығайту, отбасындағы әкенің атқаратын міндеті мен рөлін түсіндіру мәселелері қозғалды.