Қарағандыда ашылған «Кітап-Amanat» орталығының төрінен «Сенімен Болашақ» бірлестігінің қолдауымен шыққан бірнеше кітап орын алды.
Жоба отандық әдебиетке деген қызығушылықты арттыруға, оқуға ынталандыруға, қазақстандық авторлар мен кітап шығарушыларды қолдауға бағытталған. Онда қазақ тілінде жарық көрген жаңа кітаптар ғана сатылып қоймай, қазақстандық жазушылардың, авторлардың, баспагерлердің қатысуымен жаңа кітаптардың тұсаукесері мен талқылаулары және тағы басқа іс-шаралар өтеді.
Бірлестіктің Қарағанды филиалы орталыққа Мәшhүр Жүсіптің бес томдығын, Мағжан Жұмабаевтың «Педагогика», Міржақып Дулатовтың «Оян, қазақ!», «Әлемдік психологтардың зерттеулерін», Шалва Амонашвиллидің «Ізгілік педагогикасы» кітаптарын ұсынды. Сондай-ақ Арқа өңірінің ақын-жазушыларының шығармалары кітап орталығының сөрелеріне қойылды. Салтанатты шарада арнайы «Amanat» партиясының хатшысы Шолпан Каринова, облыс әкімінің орынбасары Ерлан Құсайын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақын Серік Ақсұңқарұлы игі бастамаға сәттілік пен оқырманның рухани орталығына айналсын деп тілек білдірді.
Келген оқырмандар бірлестік қолдауымен шыққан кітаптармен таныса алады.