Елімізде болған соңғы жағдай баршамызға бейбітшілік пен тыныш өмірдің қадірін түсіндірді. Осыдан кейін «Мемлекетімді нығайту үшін менің қолымнан не келеді?» деген сұрақ әрқайсымыздың көкейімізде тұруы керек деп ойламыз. Мүмкін бала тәрбиесіне ден қойып, тұлғалық тұрғыдан өзіңізді дамытуды бастау керек шығарсыз. Себебі еліміздің жарқын болашағы үшін жасаған бүгінгі іс әрекетіміз ертеңгі күні жеміс берері сөзсіз. Бірінші кезекте өзіңізді дамытыңыз, ал балаңыз сізден үлгі ала отырып тәрбиеленеді.
Интернеттің болмауы балаңызға қалай әсер етті? Осы сәтте отбасымен бір дастархан басында жиналып әңгімелестіңіздер ме?
Бүгінде кез келген жерде бала да, үлкендер де смартфоннан бас көтермейтіні қалыпты жағдайға айналды. Әке мен шеше баланың тыныштығы үшін қолына телефонды ұстата салатынына куә болып жүрміз. Алайда бұл уақыт өте келе телефонға деген құмарлыққа әкелетінін ескере бермейміз. Тіпті ата-ана баласының осы жағдайға қалай жеткенін аңғармай қалуы да мүмкін. Кез келген тәуелділік баладағы ерік жігерді әлсірететіні белгілі.
Ал енді баланы телефоннан қалай алыстатамыз?
Ең бірінші ескеретін жағдай баланың қолындағы смартфонды бірден алып қоюға тырыспаңыз. Ол баламен арадағы қарым-қатынасты бұзып, жағдайды одан әрі ушықтырып жіберуі мүмкін. Бес жасқа дейінгі балаларды телефоннан алыстату оңай. Себебі, олар дүниені енді танып келе жатқан кішкентай жаратылыс. Біз үшін болмашы көрінетін заттардың өзі бүлдіршіндерге өте қызық. Сондықтан әлемді тануына көп көңіл бөлгеніңіз дұрыс. Аулаға шығарыңыз, саябаққа апарыңыз немесе ермексазбен ойнаңыздар. Смартфоннан баланың жасына қарай дамыту ойындарын тауып, телефонды ұстау уақытын қадағалап, біртіндеп шектеу қою керек.
Бес жастан жоғары балаларды телефонға тәуелділіктен құтқару қиынға соғады. Олармен бірінші кезекте ашық сөлесіп, смартфонның зияны мен тиімді пайдалану жолдарын түсіндіріп айту маңызды. Мүмкіндік болса аптасына бір рет телефонсыз отбасылық отырыстар ұйымдастырудың пайдасы зор. Сонымен бірге, жанұядағы әрбір адамның телефонда отыру уақытын шектеуді қолға алыңыз. Бұл әдіс баланың осы жағдайдан жеңіл шығуына көмектеседі.
Интернеттің зиянды жақтарымен бірге, пайдалы тұсы да жоқ емес. Қазіргі таңда ол адамның білімін жетілдіруге көмектесетін бірден-бір құрал екені сөзсіз. Тек интернетке, телефонға тәуелді болып қалмай, керегімізге ғана қолданайық.