ЖҰМЫС БЕРУШІ, САНАЛЫ ҚОҒАМ ҚҰРУҒА ҮЛЕС ҚОС!
Ағымдағы жылдың қыркүйек айында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің жанындағы Қоғамдық палатаның бірінші отырысы өтті. Отырыс тақырыбы кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылықтың кез келген түрі үшін жазаны қатаңдату болды.
БАЛАНЫҢ ҚАУІПСІЗДІГІ БІРІНШІ КЕЗЕКТЕ ТҰРУ КЕРЕК!
«Сенімен Болашақ» РҚБ төрағасы және үш баланың анасы ретінде бүгінде бұл жағдай Қазақстанның ата-аналар қауымдастығын алаңдатып отырғанын жақсы білемін. Күн сайын біздің бірлестіктің ұйымдастыруымен өтетін пікірталас алаңдарында ата-аналардан жиі қойлатын сұрақтар бар. Олар:
1. Балалардың қауіпсіздігі: отбасында, мектепте, олар болған барлық жерде.
2. Ата-ана баламен өткізетін қол жетімді демалыс және бос уақытты тиімді өткізу.
3. Қазіргі ұрпақты қалай дұрыс тәрбиелеу керек? Ата-аналар мен балалар арасындағы қарым-қатынас пен түсіністік мәселелері.
Ай сайын біз екі жүзге жуық іс-шара ұйымдастырамыз. Кездесулерде қатысушылардың көп бөлігін аға буын: ата-әжелер құрайтынын байқаймыз. Жас ата-аналарды түсінуге болады. Олар мұндай іс-шараларға тығыз жұмыс кестесіне байланысты қатыса алмайды. Сондықтан менің ұсынысым - меншік нысанына қарамастан ұйымдарды өз қызметкерлеріне отбасының рөлін арттыру, неке институтын және дәстүрлі отбасылық құндылықтарды нығайту мақсатында семинарлар мен тренингтер өткізуге міндеттеу. Тек осылай ғана біз ата-аналарды толық қамти аламыз. Олардың психологиялық-педагогикалық білімі мен дағдыларын арттырып, балалармен дұрыс қарым-қатынас орнату жолдарын түсіндіріп, қажетті құралдарды ұсынамыз.
Жұмыс берушілер саналы қоғам қалыптастыруға ат салысып, өз қызметкерлерінің бала тәрбиесінде білімін арттыруға мүдделі болу керек.
"Сенімен Болашақ" РҚБ Жансая Бердімұрат