#Шымкент
ҚЫЗЫЛОРДАДА «ОТБАСЫ – ТӘРБИЕ БЕСІГІ» АТТЫ КЕҢЕСТІҢ АЛҒАШҚЫ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ

Сәрсенбі, 1 ақпан күні Қызылорданың Н.Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театрында «Отбасы – тәрбие бесігі» атты кеңестің алғашқы отырысы өтті. Іс-шараға облыс бойынша білім саласы қызметкерлері мен ата-аналар қатысты.

Өскелең ұрпақты жан-жақты дамытып, толыққанды тұлғаны қалыптастыруды мақсат тұтқан жиынға облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, мемлекет және қоғам қайраткері Мұрат Бақтиярұлы, қала, аудан әкімдері, құқық қорғау органдарының басшылары және селекторлық режимде аудандық қоғамдық кеңес өкілдері, білім саласының қызметкерлері мен ата-аналар қатысты.

Кеңесте білім басқармасының басшысы  Мейрамбек Зинабдинұлы бірінші болып сөз алып, білім саласындағы жетістіктер мен тәрбиедегі түйіткіл мәселелерді де қозғады. «Ата-ана-мектеп-қоғам» үштік одағының бірлігін арттыруда «Сенімен Болашақ» РҚБ-мен ынтымақтастық мемарандум негізінде бірлесе жұмыс жасайтынын айтып өтті.

Қоғам қайраткері Мұрат Бақтиярұлы мемлекетіміздегі отбасылардың ажырасу статистикасына сүйене келе, ажырасу себептері қоғамда қандай мәселелерден бастау алатыны жөнінде ой білдіріп, ұсынысын жеткізді.

Ішкі істер департаментінің орынбасары жасөспірімдер арасында облыс, аудан бойынша тіркелген құқық бұзушылықтың күрделі деп саналғандарын атап өтті. Оқиға көбіне сабақтан тыс уақытта, балалар ата-ананың назарынан тыс кезеңде орын алған.  Балаға жауапкершіліксіз қараған ата-аналар жауапкершілікке тартылғанын екен. Дегенмен, полициянының міндеті – қылмыскерді жазалау ғана емес, қылмыстың алдын алып, болдырмау.

Кездесуде облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев өңірде балалар игілігі үшін атқарылған жұмыстарды баяндады. Аймақ басшысы кездесуге әкім ретінде ғана емес, әке ретінде де ашық пікір алмасу үшін келгенін айтты.  

 

01.02.2023
#Шымкент
ҚЫЗЫЛОРДАДА «ОТБАСЫ – ТӘРБИЕ БЕСІГІ» АТТЫ КЕҢЕСТІҢ АЛҒАШҚЫ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ