Қарағанды облысының Нұра ауданында «Сенімен Болашақ» Қарағанды филиалы «Отбасы – ұлттың ұясы» атты кездесу ұйымдастырды.
Б.Әбдікәрімов атындағы көпсалалы колледж қабырғасында өткен шарада бірлестік сарапшылары, заң ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Болат Сыздық, психолог, профессор Светлана Аубакировна, аудан прокуроры Жәния Қыпшақпаевамен бірге оқытушылармен, қамқоршылық кеңестерінің өкілдерімен және ата-аналармен мәнді де мағыналы сұхбат өрбіді. Бүгінгі қоғамның өзекті мәселелері, әкенің рөлі, адами құндылықтар туралы әңгімелер ортаға салынды.
Филиал басшысы Индира Жанұзаққызы бірлестік мақсатымен, бағыттарымен таныстырып, жаhанданудағы тәрбие аясында кең тоқталса, Болат Сыздық түрлі зерттеулерді мысалға келтіріп, заманауи әкенің моделі жайлы айтты. Психолог Светлана Аубакировна отбасындағы ата мен әженің рөлі, ұлттық құндылықтар мен сана дамуы жайлы арнайы презентация ұсынды. Аудан тұрғындары көкейдегі сауалдарын қойып, кездесу маңыздылығын оның әсерін ерекше атап өтті. Алдағы уақытта да осындай шаралар кешенді өтіп тұрса деген тілектері мен ұсыныстарын жеткізді.