#Павлодар
ПАВЛОДАР ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ҰЖЫМЫ АҚСУ ҚАЛАСЫНА БАРДЫ

Бүгінде білім беру ошақтарында оқушылардың арасында өз-өзіне қол салу мен ерте жүктіліктің алдын алу және болдырмау шараларын жүргізудің күнен-күнге өзектілігі арта түсуде. Осы мақсатта «Сенімен Болашақ» республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігі Павлодар облыстық филиалының ұжымы Ақсу қаласының №1 қазақ орта мектебіне барып, 9-10 сыныпта білім алатын оқушылардың ата-аналарымен кездесу ұйымдастырды.

Кездеуге «Сенімен Болашақ» республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігі Павлодар облыстық филиалының басшысы Хызыр Жанарыс, бірлестік мүшесі Мерей Каримов, Дарынды балаларға арналған Абай атындағы гимназияның директоры Салтанат Шабажанова және тәрбие ісі жөніндегі директордың орынбасары Шерхан Жұмабекұлы, Павлодар педагогикалық университеті педагогика жоғары мектебінің ғылыми вице-деканы Алтынай Мұрзатаева және педагогика жоғары мектебінің педагогика мен психология білім беру бағдарламасының аға оқытушысы Жанерке Дәулетхан қатысты.

Мамандар балаларды өз алдына өмірлік мақсат қоя білуіне үйретуде, жасөспірімдер арасындағы мәселелердің алдын алуда отбасының рөлі жоғары екенін айтты. Сонымен бірге, мұғалім мен оқушы, мұғалім мен ата-ана арасындағы қарым-қатынасты нығайтудың маңыздылығына тоқталды.

Психологтар ата-аналарға психологиялық және педагогикалық білімдерімен бөлісіп, баламен тиімді әрі сау қарым-қатынас орнату жолдарын түсіндірді. Мамандардың айтуынша, оқушы суицидке бармасын десек, ең алдымен баланың бойына үміт пен сенім ұялату маңызды. Ал ерте жүктілік – әке мен ұлдың, ана мен қыздың арасында ашық әңгіме, сырласу жүрмеудің салдарынан туындайды.

10.02.2022
#Павлодар
ПАВЛОДАР ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ҰЖЫМЫ  АҚСУ ҚАЛАСЫНА БАРДЫ