«Сенімен Болашақ» Республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігі Қызылорда облыстық филиалының психологы Жұмакүл Тасболатқызы «Qyzylorda» телеарнасының «Қайырлы күн, Қызылорда!» бағдарламасында тікелей эфирде қонақта болды.
Эфир барысында әріптесіміз бала тәрбиесіне байланысты мәселелердің туындауының басты себептерінің бірі – баланы проблема ретінде көруіміз екенін айтты. «Ата-аналармен сөйлесе кетсеңіз, бірден «проблемаларын» тізіп айта бастайтындығы. Мысалы, бала айтқанымды тыңдамайды, айтқанынан қайтпайтын қырсық, бір орында отыра алмайтын мазасыз, т.б. секілді дүниелерді тізбектеп, бүкіл жауапкершілікті баланың мойына артып қояды», - деді психолог.
Әрбір ата-ана «бала – проблема емес» деген ұғымды санасына сіңіріп, жан-тәнімен сезінуі, қабылдауы керек және осы ұғымды есінен шығармай, әрқашан жадында сақтаса, бала тәрбиесіне қатысты көптеген проблемалар басталмай жатып-ақ өздігінен шешілетіндігін жеткізді.
Сонымен қатар эфир барысында бірлестіктің қызметі мен мекен-жайы туралы ақпарат беріп, кез келген адамға алғашқы және сүйемелдеу бойынша көмек, қолдау көрсетілетінін айтып өтті.