«Сенімен Болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігінің Семей қаласындағы филиалының алғашқы ашық кеңесі өтті. Онда жыл бойы атқарылатын іс-шаралар жоспары талқыланды.
Жиында филиал басшысы Аман Рахметуллин ұжымның жылдық жұмыс жоспарын қатысушылардың назарына ұсынды. Отырыс барысында қалалық ата-аналар қоғамдастығының төрайымы Лунара Өтеуова, қалалық ата-аналар қоғамдастығының төрайымының орынбасары Васелина Зайцева, қала бойынша әкелер кеңесінің төрағасы Айдар Манасов, «Ақ Ұлпа Аналары» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Анар Сүлейменова, Әлихан Бөкейхан университетінің тәрбие істері және әлеуметтік жұмыстар жөніндегі проректоры Айрат Базенов, Алаштану ғылыми зерттеу орталығының ғылыми қызметкері Әділ Мархаба бірлестіктің жылдық жұмыс жоспарын талқылауға белсене атсалысты. Олар қазіргі қоғамдағы отбасылық мәселелерді көтеріп, салмақты ой-пікірлерімен бөлісті.
Облыстық филиалдың 2022 жылға жоспары «Балалар жылына» негізделген. Бірлестік филиалы осы жылға арнап кешенді жоспар дайындаған. Алға қойған мақсатқа жету үшін атқарылуы тиіс істер қатарында: ата-аналармен тұрақты байланыс орнату, қалалық білім беру мекемелерінде бала тәрбиесіне қатысты түрлі шаралар өткізу, облысқа қарасты аудандар мен ауылдарға барып отбасылармен кездесу жоспарлары бар.
Сондай-ақ, қалалық ата-аналар қоғамдастығының төрайымы Лунара Өтеуованың ұсынысымен қалалық №3, №4 орта мектептерде психологиялық тренингтер және Бөкейхан университетінің проректоры Айрат Базеновтың ұсынысы бойынша университеттің спорт залында қала көлемінде әкелер арасында спорттық ойындар ұйымдастыру жоспарға енгізілді. Үлгілі ата-ана, үлгілі отбасы және қыз сыны, жігіт сұлтаны сияқты шараларды да ұйымдастыру ісі қолға алынатын болады.
Жиынға қатысушылар бірлестіктің тұрақты ақылдастар алқасының мүшесі ретінде тіркеліп, төс белгілері табыс етілді.