Еліміздің ертеңгі ұлт тізгінін ұстар жастарымыздың тәрбиесіне аса мән беру – «Сенімен Болашақ» РҚБ басты мақсаттарының бірі. Өйткені, еліміздің болашағын тізгіндер тұлғаның бойына білімнің нәрін, тәрбиенің иісін сіңіруміз бүгінгі күні ауадай қажет болып тұр. Оның ішінде ата-бабамыздан қалған ұлттық тәрбиемізге дақ түсірмеу үшін барлық қажетті жауапкершілікті ата-ана өзіне алғаны жөн, себебі бала ата-ананың өмірінің жалғасы. Міне, осы өзекті мәселенің түйінін тарқатуды мақсат еткен бірлестіктің Алматы қалалық филиалы «Бала тәрбиесіндегі отбасылық құндылықтар» тақырыбында семинар-тренинг өткізді. Медеу ауданындағы №172 мектеп-гимназияның кең залында өткен жиынға 100-ден астам ата-ана қатысты. Оларға психолог, БҰҰ ұлттық сарапшысы Сағадат Ташболатқызы үш сағатқа жуық дәріс оқып, интерактивті ойындар ойнатты. Ата-аналардың толғандырған сұрақтарына жауап берді. Ал филиал басшысы Бақытбек Бостандықұлы бірлестіктің бағыты мен мақсатын түсіндіріп, баланың болашағына толғанар ел, ойланар отбасы қалыптасса екен деген тілегін білдірді.
