Қоғамдағы өзекті деген әлеуметтік мәселелерді талқыға салып, шешу жолдарын ұсынған конференцияны Алматы қаласы орталықтандырылған кітапхана жүйесіне қарасты Қазақстан Жазушылар кітапханасы ұйымдастырды. Бұл басқосуға «Сенімен болашақ» РҚБ журналисі Меруерт Мәулетқызы модератор болса, бірлестік сарапшылары – психолог Айгүл Исламбекқызы мен нутрицолог Еркежан Маратқызы баяндама оқыды.
Конференцияны ашқан кітапхана меңгерушісі Елена Жамелқызы мақсатын түсіндіріп, бүгінгі таңда қоғамды алаңдатып отырған мәселелерді айтып, оның шешу жолын ұсынуға жиналған қонақтарды таныстырып өтті. Модераторлардың кіріспе сөзінен кейін алғашқы сөзді жазушы-драматург, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Сұлтанәлі Балғабаев алып, өзекті проблеманың негізгісі – жемқорлыққа тоқталды. Жүйені жегі құрттай жеп жатқан жең ұшынан жалғасқан жемқорлықты жоймай басқа мәселенің ұшығына жете алмайтынымызды түсіндіре, нақтылай айтып кеткен жазушы ағамыздың сөзі қатысушылар тарапынан қолдау тапты.
Ал ақын, жазушы, журналист Сәуле Досжан болса келер ұрпақтың қарны тоқ болып, санасы жоқ болса жаһандану жұтып қоятынын ескерте сөйледі. Балалар жазушылары Нұртан Төлепберген, Нұрдәулет Ақыш, Сәбит Дүйсенбиев өз шығармаларынан үзінді оқып, мотивация бере отырып жастарды кітап оқуға шақырды.
«Сенімен болашақ» РҚБ атынан сөз сөйлеген психолог Айгүл Исламбекқызы қазіргі дерттің бірі – лудомания туралы баяндап, статистикалық мәліметтерді келтіре отырып ойынқұмарлықтың жастарды да шырмап, орға жығып жатқанын ашына жеткізді. Бұл нашақорлық пен макүнемдіктен де асып түсетінін, түптің түбінде психикалық ауытқуға әкеп соқтыратынын дәлелдермен жеткізді. Осы дертпен бірлесе күресуге шақырды. Ал Еркежан Маратқызы болса жастардың фасфуд өнімдеріне шексіз құмарлығынан неше түрлі аурулардың жасарып жатқанын, энергетик сусындардың зияндылығын түсінікті түрде жеткізіп, жастар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.
Конференцияда сондай-ақ «Парасат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы директорының орынбасары Бақыт Тасжанова, Әуезов аудандық полиция басқармасының аға инспекторы Гүлзина Мұхаметқалиева, Қазақстан Жазушылары кітапханасының қызметкері Назерке Жүнісбек, «Алатау» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Сағымхан Нұрмұхаметқызы, №15 қалалық емханасы бас дәрігерінің орынбасары Әлия Өтемісова, «Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапхананың» кітапханашысы Алмас Мырзабековтер кезекпен сөз алып, әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау, маскүнемдік пен нашақорлықтың дендеуі, мүгедектігі бар жандармен жұмыс барысында кездесетін қиыншылықтар төңірегіндегі баяндамаларын оқып, талқыға салып, шешу жолдарын ұсынды.
«Сенімен Болашақ» РҚБ баспасөз қызметі