Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының психикалық ауытқуға соқтыратын сырқаттар қатарына жатқызған дерттің бірі – лудомания.
Лудомания соңғы жылдары елімізде дендеп, белең алып барады. Бұл дерт ел ертеңі болатын өрімдей жастарымызды да шырмауда. Құмар ойынның зынданына түскендердер күн санап артып бара жатқандықтан ойынқұмарлыққа қарсы күрес те күшейіп, залалы мен зардабын түсіндірген тәрбие жұмыстарына ерекше мән беріліп келеді.
Осындай тәрбиелі іс-шара Ішкі істер министрлігіне қарайтын М.Есболатов атындағы Алматы академиясында өтті. Офицерлік құрам мен курсанттарының қатысуымен өткен семинарға «Сенімен болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігінің мамандары арнайы шақырылды. Бірлестіктің журналисі Меруерт Мәулетқызы ұйым ұстанымына тоқталып, бірлестік мамандары тарапынан лудомания бойынша да жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын жеткізді. Ал бірлестіктің Алматы филиалы бойынша сарапшысы, психолог Айгүл Исламбекқызы құмар ойынға шалдығудың факторларын, оның ішінде психологиялық факторларға тереңірек тоқталды. Лудоманияға тәуелділіктің алдын алу үшін қайтпек керек деген мәселені кеңінен тарқатты. Құмар ойынға қызығудың соңы неге апарып соғарын айтып, қып-қызыл отқа айналған құмар ойынға құмартпауға шақырды. Семинарға қатысушылардың сұрақтарына жауап беріп, пікірлерін тыңдады. Семинарды мағыналы тренингпен қорытындылап, балаларымызды, достарымызды, жақындарымызды тәуелділіктен қорғап, қауіпсіз елге айнала білейік деген оймен түйіндеді. Айта кетейік, бұл іс-шара бірлестіктің Алматы филиалы мен академияның меморандумы аясында екінші мәрте өткізіліп жатыр.