Бір әулеттің бірлігі, ынтымағы, бақытты өмір сүруі, ұрпағының әдемі өсуі тек ене мен келінге байланысты.
Бұл қазақтың тал бесіктен жер бесікке дейінгі салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы туралы өскелең ұрпаққа ұлықтап, көркем түрде жеткізіп келе жатқан Зейнеп апаның кешегі жүздесуде айтқан зейінді сөзі. Ол кездесу ҚР ІІМ Алматы академиясында 200-ге астам адам жиналған кең залында өтті. Өтуіне ұйытқы болған - «Сенімен Болашақ» РҚБ Алматы қалалық филиалы.
Сахна төрінен төгілген Зейнеп апаның әр сөзі інжу-маржандай тізіліп, мағыналы ойлары кезекпен құйылып жатты. Салт-дәстүр, ырым-тыйымдар турасында да тың ойлар айтты. Ене мен келін арасындағы сыйластық, тойдағы кейбір салт-дәстүрлер мен олардың дұрыс-бұрыстығы жөніндегі апайдың әңгімесі қыздарға ерекше әсер етті. Көкейіндегі сауалдарына жауап ала білді. Кездесудің барша көрерменге рухани азық болғанын, Зейнеп апаның айтқан әңгімелері арқылы тәрбиелік ілімнің артқанын кездесуден соң да тыңдарман қуана айтып жатты.
Екі ұйым арасындағы меморандум аясында өткен кездесуде бірлестік жайлы айтылу да ұмыт қалған жоқ.