Әрбір он жыл сайын әлемде тың жаңа мамандықтар пайда болады екен. Жиырма бірінші ғасырда жаңа технологиялардың қарқынды дамуымен және де жаһандық компьютерлендірумен көптеген жаңа мамандықтар пайда болды. Ол жайлы оқушыларды ақпараттандырып және соның ішінде қайсы өзекті екенін талқылау мақсатында Наурызбай ауданына қарасты №207 мектеп-лицейінде семинар-тренинг өтті.
Мектеп әкімшілігінің арнайы шақыруымен өткен іс-шараға мектеп директоры Әлия Сейдакариқызынан бөлек 11-сынып оқушылары, сынып жетекшілері қатысты. Бірлестіктің Алматыдағы өкілі Меруерт Мәулетқызы ұйымның ұстанымын, атқарған жұмыстарын тағы бір еске салды. Семинарды жүргізген психолог Айгүл Исламбекқызы алдымен сергіту сәтін өткізіп, балаларды әңгімеге тарта отырып мамандық таңдаудың қыр-сырын түсіндірді. Жанына жақын, өзі жүрегімен қалайтын мамандықты таңдаған маман жетістікке жететінін жеткізді. Ойындар ойната отырып, балалардың пікірін біліп, семинар-тренингті тартымды етіп өткізді. Мамандықтың мән-жайына қаныққан қатысушылар да, ұстаздар да семинардың дер кезінде және мазмұнды болғанына ризашылықтарын айтып тарқасты.
Оқушылар тарапынан «Мамандық таңдауда ата-ана ықпал етсе ше?», «Мен мамам таңдап берген мамандықты қаламаймын, не істеуге болады?», «Мамандықты жалақысына қарап таңдауға бола ма?» сынды сұрақтар қойып, жауаптарын алды.