Тараз қаласының Б.Момышұлы атындағы №45 қазақ классикалық гимназиясында «Дархан даланың данышпаны – Мәшһүр Жүсіп» атты кеш өтті.
Мәшһүр Жүсіптің өнегесін өскелең ұрпаққа ұлықтау мақсатында өткен іс-шарада оқушылар Мәшһүр кейіпіне еніп «Ит дүние» өлеңін өз нақышына келтіре оқып, бірі шығармаларын терең зерттеп баяндады, енді бірі күмбірлеген қазақ күйін құйқылжыта орындап берді. Оқушылар философтың өмірі мен шығармашылығын зерттеп ой-түйіндерін ортаға салды.
Кеш барысында бірлестіктің Жамбыл облыстық филиалының басшысы Дәурен Бағжанов және бірлестік сарапшылары «Әулие Ата» мешітінің бас имамы Ержан Аманбаев, М.Дулати атынтағы Тараз өңірлік университетінің профессоры Сейсегул Исматова және университеттің аналар кеңесінің төреайымы Ардақ Жантаева оқушыларға Мәшһүр өнегесі жайында тың мәліметтер берді. Ақын шығармаларының тәрбиелік мәнін терең ашып көрсеткен сарапшылар мен оқушылар арасында рухани сабақтастық өз жалғасын тапты. Б.Момышұлы атындағы қазақ классикалық гимназиясының мектеп басшылығы мен ұстаздарына және барша қатысушы оқушыларға жылы лебіздерін айтып, алғыс хаттар табыстады.