#Жамбыл
АУДАНДЫҚ АТА-АНАЛАР ФОРУМЫ ӨТТІ

«Бөлісіп жүрек жылуын» міне, дәл осындай атаумен бүгін аудандық ата-аналар форумы өтті. Жиынға ата-аналар комитетінің, қамқоршылық кеңесінің төрағалары, ардагерлер, психологтар мен БАҚ өкілдері қатысты.

Форумға қатысушылармен психологтар «Арт-терапия» шығармашылық терапия, «Менің қауіпсіз орным» релаксациялық жаттығу, «Психологиялық кеңес беру» бойынша арнайы жұмыстар жүргізді.

Бала тәрбиесіндегі әке мен ана, отбасы құндылықтарының рөлін насихаттауға бағытталған басқосуға аудан әкімінің орынбасары Махпал Сатыбалдықызы қатысып, аталмыш шараның мән-маңызына тоқталды. Сонымен бірге ауданға арнайы келген қоғамдық бірлестік өкілдерінен ризашылығын жеткізіп, форум жұмысына сәттілік тіледі.

Аталған форумға бірлестіктің Жамбыл облыстық филиалының  сарапшысы, облыстық ата-аналар кеңесінің төрағасы  Ринат Даниярұлы «Бала – болашақтың иесі» тақырыбында баяндама жасады. Ол өз сөзінде өмірлік тәжірибелерден мысал келтіріп, ой-пікірлерін ортаға салды. Сондай-ақ, бала тәрбиесінде ата-ана рөлінің маңыздылығын баса айтты.

Бірлестіктің облыстық филиалының басшысы Дәурен Бағжанов шақырылып отбасылық құндылықтар, ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынас туралы өз ойын ортаға салды. Әке, ана моделімен бірге бақытты бала моделін қалыптастырудағы негізгі мақсаттары мен жұмыс барысын түсіндірді.  

Мұнан кейін облыстық білім басқармасының оқу-әдістемелік орталығының педагог-психологы Тұрғын Тұрсыналықызы білім беру ұйымдары мен отбасы ынтымақтастығын нығайту жолдарын айтты.

Аудандық білім бөлімінің басшысы Зауре Садуақасқызы ұрпақ тәрбиесіндегі отбасының берер тәлімі айрықша екеніндігіне тоқталып, форум бойынша қабылданған қаулымен таныстырып өтті.

Ата-аналар тарапынан сөз алған Марат Оспанов ата-ананың тәрбиесінің бала өміріндегі рөлінің маңызын айтып, ата-аналарға үндеу жолдады. Және форумға қатысушы спикерлерге ата-аналар атынан өз алғысын жеткізді.

Форум соңы «Салауатты  ата-ана мәдениеті» отбасы байқауының жеңімпазы Асабай әулетінің отбасылық өсиет әнімен жалғасып, А.Макаренко атындағы орта мектебінің оқушыларының «Отбасы тәрбиесінің – ортаға тигізер әсері» атты сахналық қойылымы көпшілік назарына ұсынылды. Іс-шара М.Төлебаев атындағы балалар өнер мектебінің концерттік бағдарламасына ұласты.

27.11.2023
#Жамбыл
АУДАНДЫҚ АТА-АНАЛАР ФОРУМЫ ӨТТІ