Тараз қаласындағы №53 мектеп-гимназиясында «Ата-ана – ұлттың ұясы» атты семинар өткізілді. Семинарға жүз елуге жуық ата-ана қатысты.
Шараның ашылу салтанатында «Сенімен Болашақ» республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігі Жамбыл облыстық филиалының басшысы Мақсат Тауыпалдыұлы қазіргі жаһандану үдерісінің дамыған кезеңінде балалар мен жасөспірімдер ата-ананың ерекше көңіл бөлуін қажет ететінін атап өтті. Тараз қалалық ата-аналар комитетінің төрайымы Ғалия Орынбайқызы ата-аналарды бала тәрбиесіне терең көңіл бөлуге және қоғамдық іс-шараларға ата-ана ретінде белсенді қатысуға шақырды.
Жоғарыда аталған мәселелердің мән-жайын түбегейлі зерделеу мақсатында жасөспірімдер және ересектер психологы Айгерим Кеңесқызы «Эмоционалды интеллект. Олсыз неге болмайды?» атты тренинг өткізді. Маман психологиялық сұраныс пен ізденіс нәтижесінің заманауи жемісі болған жаңа ұғыммен көпшілікті таныстырды. Әр адам өз бойындағы эмоционалды интеллектіні дамыту арқылы орасан нәтижелерге жете алатын болса, оны дамытпай өмір сүрудің де зардаптарын дәйекті мысалдармен ашып айтты.
Шара барысында ата-аналар өздерін толғандырып жүрген сауалдарын қойды. Бала тәрбиесінде кездесетін ситуациялық қиындықтар кезінде тиімді тәсілдерді сұрап, психолог мамандардан пайдалы ақпараттар алды. Ата-аналар семинар соңында оң көзқарастары мен пікірлерін айтып, семинар ұйымдастырушылары мен мектеп әкімшілігіне алғыстарын білдірді.