#Алматы
КЕМЕЛ ҰРПАҚ ТӘРБИЕЛЕУДЕГІ АТА-АНАНЫҢ РӨЛІ

Тіршіліктегі бар нәрсе бір-бірімен сабақтас екенін ескерсек, бала тәрбиесі де осы ұғымға негізделеді. Отбасы, мектебі, бірге жүретін ортасы, қоғам – барлығының бала тәрбиесіне ықпалы зор. Дегенмен баланың жақсы не жаман болып өсуі ең алдымен оны тәрбиелейтін ата-анасына тікелей байланысты екендігі ақиқат. Міне осы мәселені жіті талқылап, ой салу үшін бірлестіктің Алматы филиалы Түрксіб ауданына қарасты №83 гимназияға барып, «Кемел ұрпақ тәрбиелеудегі ата-ананың рөлі» тақырыбында семинар өткізді. Мектептің өнерпаз оқушыларынан құралған ансамбльдің орындауындағы әсерлі күймен ашылған жиын мектеп басшысы Ажар Ғазизқызының кіріспе сөзімен жалғасты. Бірлестік өкілдері ұйымның бағыт бағдарымен  таныстырып, арнайы бейнеролик көрсетті. Жиналғандар тақырып бойынша сөз алған спикердің  бала тәрбиесіндегі тән, ақыл, құлық, сұлулық тәрбиесі, кемел, саналы ұрпақ тәрбиелеудің негізгі қағидалары бойынша дайындалған лекциясын тыңдады. Өмірден алынған шынайы мысалдармен байланыстыра отырып айтылған әңгімені ата-аналар тұщына тыңдады. Кері байланыс кезінде әке ретінде қатысқан актер, «Серпер» жастар сыйлығының лауреаты Әсет Иманғалиев мұндай ұйымның қазаққа қазіргі таңда ауадай қажет екендігін жеткізіп, қолдау танытты.  Баланың уақытын қадағаламау, ата-анасының көңіл бөлмеуі келеңсіз жағдайға ұрындырып жатқанын ашына айтты. Қорытынды сөз алған Ажар Ғазизқызы да бала тәрбиелеудегі өзінің тәжірибесімен бөлісіп, баламен сапалы уақыт өткізу жақсы нәтиже беретінін тілге тиек етіп, ата-аналарды саналы болуға шақырды.

01.02.2023
#Алматы
КЕМЕЛ ҰРПАҚ ТӘРБИЕЛЕУДЕГІ АТА-АНАНЫҢ РӨЛІ