#Алматы
ӨМІРЛІК ҚҰНДЫЛЫҚТАРДЫ ӨЗГЕРІСКЕ ҰШЫРАТПАҢЫЗ!

«Отбасы – шағын мемлекет» болғандықтан да уақыттың жəне қоғамның əсерінен ол үздіксіз дамиды, өзгерістерге ұшырайды. Өмірлік құндылықтары да заман өзгерісіне сай өзгереді. Ал, ұлттың ерекшелігін сақтап, келбетін айшықтайтын этномəдени құндылықтар ұмытылмауы керек. керісінше болашақта жалғасын табуы үшін әр отбасында  дəріптелуі тиіс.

«Сенімен Болашақ» РҚБ құрылтайшысы, қоғам қайраткері Нұркен Асанов мырза жұмыс сапарымен Алматы қаласына келіп, филиал ұжымы ұйымдастырған іс-шараға қатысты. №81 мектеп-гимназиясында ата-аналардың қатысуымен өткен жиынды құрылтайшысы кеңесшісі Гүлнәр Мансұрқызы ашып,  бірлестік идеясымен таныстырды. Жан-жақты талдау жасады.  Өз кезегінде сөз алған Нұркен Жарылқапұлы шұрайлы сөздерімен өмірдің ағысы кең дариясында ата-ананың баласына  берген тәрбиесі бәрінен қымбат тұратынын ұғындыра түсті.

-        Егеменді еліміздің болашақ ұрпақтарын ата-бабаларымыздың салт дәстүрімен, тілімен, дінімен, озық мәдениетімен сабақтастыра отырып тәрбиелеу қазіргі күннің ең өзекті мәселесінің бірі екенін мойындауымыз керек.  Соны түсінетін уақыт келді. Ұрпақ тәрбиесіне ұлттық ұстанымды қалыптастырмасақ болашақта батыстықтармен бірге шіркеудің шаңырағы астында шын мәнінде шоқынып тұратын күнге жететін боламыз. Сондықтан отбасы болсын, басқа болсын, қазаққа тән мәселені қозғағанда, ол мәселелердің себебін ең әуелі, ұлттың жанынан, психологиясынан іздеу керек дер едім. Шешімді де сол ұлттық психологияны сақтап қалудан таба аламыз. Ал оған бірден бір әсер ететін фактор – әрбір ата-ана. Әр ата-ана саналы болса да баласы да білімді, озық ойлы болады. Ол дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома, - деген қоғам қайраткерінің сөзін қатысушылар қуана қоштады. Тұщымды ойын терең ойлы термемен аяқтаған Нұркен мырзаның ұстанымынан ата-аналардың көңілдері сусындап, өмірлеріне өнеге ала білді. Өйткені жақсы адам – қашан да құнды кітаппен тең.  

Мәні зор кездесуден әсерленген ата-аналар пікірлерін айтып, суретке түсіп, тіпті дастархан басында да емен-жарқын әңгіме құрды. Бірлестік ұжымы іс-шараның өтуіне қолдау танытқан №81 мектеп-гимназия директоры Нұрғали Асанұлына ризашылық білдіріп, сый-сыяпат көрсетті. 
 

08.09.2022
#Алматы
ӨМІРЛІК ҚҰНДЫЛЫҚТАРДЫ ӨЗГЕРІСКЕ ҰШЫРАТПАҢЫЗ!