Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының «Ұлт жұмысы үлкен жұмыс, үлкен жұмысқа көп жұмыскер керек» деген сөзі бар. Осы сөзді іс жүзіне асыру үшін мақсаттас, мүдделес жандар бірлесе жұмыс істесе күрделі мәселелері көбейіп бара жатқан қазақ қоғамының ұлттық рухы мен санасы оянары сөзсіз. Осындай жандар бас қосқан дөңгелек үстел Алматы филиалының жұмыс кеңсесінде өтті. Басқосуда Ұлттық мазмұнның жоғарылап, ұрпақ тәрбиесіне халықтық құндылықтарды арттыру бағытын қолға алған Ұлттық құндылықтар академиясының Басқарма төрағасы Әділхан Төлегенұлы, академияның «Отбасы құндылығы» бөлімінің меңгерушісі Сараш Сағиқызы және Марат Әбутәліпұлы қоғамның ең өзекті мәселелерін жіпке тізіп, оны шешу үшін бірлесе жүйелі әрі нақты жұмыс істеуді ортаға салды. Ұлттық құндылықтарға негізделе отырып, ата-ананы тәрбиелеу арқылы қоғамды тәрбиелеу мәселесі талқыланды. Басқосу қорытындысында екі ұйым арасында ынтымақтастық меморандумына қол қойылды. Аталған құжат бірлестіктің идеялары мен бастамаларын ілгерілетуге, отбасы институтын дамытуға, өскелең ұрпақты тәрбиелеу және білім беру саласында адами капиталды дамытуға ықпал етуге бағытталған тәлімді-тағылымды жобаларды бірге іске асыруды көздейді. Өзара келісімге келген мүдделі ұйымдардың меморандумы қазақы отбасылық тәрбиені одан ары тереңдетуге және кеңейтуге бағытталған екі тарапқа бірдей тиімді келісімшарт болмақ.