#Алматы
ШАЛВА АМОНАШВИЛИ ҰСТАЗДАРҒА ДӘРІС ОҚЫДЫ

Алматыда «Сенімен Болашақ» Республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен гуманды педагогиканың негізін қалаушы, академик Шалва Амонашвили мен психология ғылымдарының докторы, профессор   Паата Амонашвилидің қатысуымен семинар өтіп, оған 1000-нан астам педагог мамандар қатысты.  

Ұстаздармен кездесуде гуманды педагогиканың негізін қалаушы мектептегі авторитарлы білім беру мен тәрбие, гуманды педагогика тақырыбында жан-жақты түсіндірді. Білім беру саласында ұзақ жылдар бойы жинаған тәжірибесінен мысалдар келтіре отырып, тәрбие берудегі тиімді әдістерімен бөлісті. Шалва Амонашвили дәріс барысында педагогтарды сахнаға шығарып, олармен тәжірибелік сабақ ұйымдастырды.

Мәселен, Шалва Александрович «ұстаз әрдайым жайдарлы жүру керек» деген қағиданы ұстанады. Педагог оқушымен ізгі қарым-қатынаста болғанда ғана үлкен жетістіктерді бағындыратын тұлға қалыптасатынан айтты. «Әрбір сәбидің тек өзіне тиесілі ішкі дүниесінің сәулесі бар. Ата-ана мен педагогтың міндеті – сол сәуленің жоғалып кетуіне жол бермей, балаға өз өмір жолына бағыт көрсету» - деді академик.

Еркін форматта өткен семинарға қатысушы педагогтар білім беруде білікті мамандар тәжірибесімен бөліскеніне қуанышты екендерін жеткізді.   Алматы қалалық №13 мектебінің  бастауыш сынып мұғалімі Евгения Викторовна академиктің әдіс-тәсілдерін 36 жыл білім беру тәжірибемде қолданып келе жатқан білікті маман. Ол академиктің баланы тұлғалық-адамгершілікке бағыттайтын тәсілдерін еліміздің ұстаздары білім беруде қолдануы қажеттігін айтты. «Осындай тұлғалардың құнды тәжірибесі біз үшін өмірлік азық болады. «Сенімен Болашақ» РҚБ Шалва Александровичті Қазақстанға шақырып, ұстаздарға тегін ауқымды шара ұйымдастырғаны үшін алғыс білдіремін. Бүгінгі шарадан білімімді толықтырып, үйренерім көп болды» - деп атап өтті ұстаз.

Шараның екінші бөлімінде психология ғылымдарының докторы, профессор Паата Амонашвили  сұрақ-жауап форматында ата-аналармен кездесу өткізді.

«Сенімен Болашақ» Республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Рақымбек Жолаевтың айтуынша, форумның мақсаты Шалва Александрович сынды білікті тұлғалар арқылы еліміздегі ұстаздардың біліктілігін арттыруға көмектесу.

 

15.05.2022
#Алматы
ШАЛВА АМОНАШВИЛИ ҰСТАЗДАРҒА ДӘРІС ОҚЫДЫ