#Қызылорда
СУИЦИД - ҚИЫНДЫҚТАН ҚҰТЫЛУДЫҢ ЖОЛЫ ЕМЕС

«Сенімен Болашақ» Республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігі Қызылорда облыстық филиалының психологы Жұмакүл Тасболатқызы Жаңақорған ауданы, Құттықожа және Түгіске ауылдарының тұрғындарына арналған «Кәмелетке толмағандар арасындағы суицидтің алдын алу» тақырыбындағы жиынға спикер ретінде қатысты.

Кездесу барысында қатысушыларға саналы ата-ана мәдениетін қалыптастыру, ата-ана мен бала қарым-қатынасы, бала психологиясы, психологиялық-педагогикалық дағдылар, суицидтің алдын алу туралы маңызды ақпараттар берілді.

Суицидке әсер етуші биологиялық, психологиялық, әлеуметтік факторларға, суицид жасау әрекетіне итермелеуші факторларға, сонымен қатар, күшейткіш факторларға тоқталып өтті.

Өз кезегінде Жұмакүл Тасболатқызы «...Баланың дағдарыстағы және оның өз-өзіне қол жұмсағысы келетіні туралы ескертуші белгілерді танып-біле алатын кез келген тұлға «Суицид сақшысы» деп аталады.  Ата-аналардың рөлі маңызды, себебі олар балалардың мінез-құлқын, іс-әрекетін, эмоцияларын бақылай алады. Олар стрессте жүрген немесе «қауіпті» аймақта жүрген оқушыларды бірінші танып білетін адамдар. Ата-аналар жасөспірімдерді қолдап немесе қажет болған жағдайда арнайы көмек алулары үшін басқа мамандарға бағыттай алады», - деді.

Қатысушылар кездесуге белсенді қатысып отырды. Әр тәжірибе сайын өздерінің пікірлерін ортаға салып, балаларының бойында болып жатқан құбылыстар жайлы кеңестер сұрады. Әрбір қатысушы баламен қарым-қатынастың үлкен рөлге ие екенін, олармен әркез дұрыс байланыс орнату қажет екенін ұғынды.

Сондай-ақ жиынға қатысушыларға бірлестік туралы толық ақпарат беріліп, алдағы атқаратын жұмыс жоспар таныстырылып, бірлестіктің мақсаты мен міндеті айтылды.  

07.11.2023
#Қызылорда
СУИЦИД - ҚИЫНДЫҚТАН ҚҰТЫЛУДЫҢ ЖОЛЫ ЕМЕС