Тараз қаласында түрлі салалар мен мамандық иелерінен құралған әкелер бір диалог алаңында басқосы. Бала тәрбиесіндегі өзекті мәселелерді талқылау, әкелер институтын дамыту, қоғамдағы зиянды әрекеттерден баланы қорғау, отбасы құндылықтарын насихаттау мақсатында «Әке – отбасының тірегі» атты қалалық әкелер форумы өтті. Іс-шараны қалалық білім бөлімі мен «Сенімен Болашақ» РҚБ Жамбыл облыстық филиалы бірлесіп ұйымдастырды.
Аталған шараға бірлестік төрағасы Жансая Бердімұрат, қалалық білім бөлімінің басшысы Раушан Пернешқызы, облыстық ардагерлер кеңесі жанынан құрылған әкелер кеңесінің төрағасы Қонысбай Қуандықұлы, әлеуметтанушы Бақыт Темірханұлы, «Білім» инновация ұлдар лицейінің әкелер кеңесінің төрағасы Руслан Мейірбекұлы қатысып, спикерлер ретінде өз тәжірибелерімен, зерттеулерімен бөлісті.
Форумда бірлестіктің сарапшылар кеңесінің сарапшылары: облыстық ата-аналар комитетінің төрағасы Ринат Даниярұлы, Асқар Тоқпанов атындағы қазақ драма театрының директоры Мәлік Дүйсебайұлы, Тараз қалалық «Әулие-ата» мешітінің бас имамы Ержан Маханұлы пікірлерін білдіріп, ұсыныстарын жеткізді.
Форумның ашылуында бүгінгі күннің проблемалары ұялы телефон, күн көріс, бала тәрбиесіндегі жоғалған құндылықтар туралы бірқатар бейне роликер көрсетіліп, психолог мамандардың тренингтарымен жалғасты. Шара соңында форумның өтуіне атсалысқан азаматтар арнайы алғыс хаттармен марапатталды.