Түрлі салалар мен мамандық иелерінен құралған әкелерді бір диалог алаңында жинап, бала тәрбиесіндегі өзекті мәселелерді талқылау, әкелер институтын дамыту, қоғамдағы зиянды әрекеттерден баланы қорғау, отбасы құндылықтарын насихаттау мақсатында, облыстық білім басқармасы Байзақ ауданының білім бөлімі мен «Сенімен Болашақ» РҚБ Жамбыл облыстық филиалының бірлесе ұйымдастыруымен әл-Фараби атындағы мәдениет үйінде «Әке – отбасының тірегі» атты аудандық әкелер форумы болып өтті.
«Әке!» қойылымымен бастау алған шарада «Сенімен Болашақ» қоғамдық бірлестігінің атқарған жұмыстары туралы бейнеролик көрсетілді.
Форум жұмысына аудан әкімінің орынбасары Талғат Жамалов модераторлық жасады. Спикерлер М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің Құрметті профессоры, доцент, филология ғылымдарының кандидаты, «Сенімен Болашақ» РҚБ Жамбыл облыстық филиалы сарапшылар кеңесінің мүшесі Сәрсекүл Исматова «Мейірімді әке үлгісі», «Сенімен Болашақ» РҚБ Жамбыл облыстық филиалының басшысы Дәурен Бағжанов «Ұрпақ бақытының кепілі - саналы ата-ананың тәрбиесінде», Шерхан Мұртаза атындағы баспасөз үйі КММ басшысының орынбасары, облыстық ата-аналар комитетінің төрағасы Ринат Нұрақбаев «Бала тәрбиесі - баршаға ортақ», Байзақ ауданының ата-аналар қауымдастығы кеңесінің төрағасы Болатбек Басықараев «Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы» тақырыптарында өз тәжірибелері, зерттеулерімен бөлісті.
Аудан орталығы мектептерінің оқушылары сахнаға шақырылып, залда отырған әкелеріне жылы сөздерін арнаған соң, «Сенімен Болашақ» РҚБ Жамбыл облыстық филиалының психолог маманы Марал Хантөреқызы және Ю.Гагарин орта мектебінің психологы Шолпан Садыкова әкелермен тренингтер өткізді.
Форум барысында талқыланған тақырыптар аясында Тараз қалалық "Әулие-Ата" мешітінің бас имамы Ержан Аманбаев пен облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Мейірхан Өмірбеков пікірлерін білдірді.
Форум жұмысы марапатқа ұласып, онда бірқатар азаматтар Байзақ ауданы әкімі мен «Сенімен Болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігі Жамбыл облыстық филиалының Алғыс хаттарына ие болды.
Өнер мектебі оқушыларының орындауындағы «Менің әкем ең жақсы адам» әнімен қорытындыланды.
Ұрпақ тәрбиесі – баршамызға ортақ парыз десек, осы ұлы жолда, жаңа кезеңде жас ұрпақты тәрбиелеудегі мәселелерді бірге шешуге үндеген мағынаға толы басқосудан үлкен әсермен тарқасты.