Баланы жеке тұлға етіп қалыптастыруда ата-ана тәрбиесінен бөлек балабақша, мектеп сынды тәрбие орталары бар. Осы орталардың қарым-қатынасы, ынтымақтастығы тиімді ұйымдастырылса, ұтарымыз көп болары айқын. Бүгін «Сенімен Болашақ» РҚБ Алматы қалалық филиалының басшысы Бақытбек Бостандықұлы №52 мектепке барып, осы ұстаным төңірегінде ұстаздармен пікірлесіп қайтты. Бірлестік жайлы хабардар ұстаздарға алдағы жоспарларды таныстырды. Педагогтер де бірлесе жұмыс істеуге ниеттестік білдірді. Сондай-ақ, филиал психологы Шынар Сағынышқызы №109 балабақша тәрбиешілерімен дөңгелек үстел ұйымдастырды. Іс-шара барысында баланың жеке тұлға болып қалыптасуындағы ата-ана мен тәрбиешінің рөлі, тәрбиешінің ата-анамен дұрыс қарым-қатынас орнатуда тиімді жолдарын тәжірибе жүзінде іске асыру, ата-ана мен тәрбиешінің баламен қарым-қатынаста оның жеке басының қасиеттерін, психологиялық ерекшеліктерін байқай отырып, көзқарастарының өзгеруіне ықпал ету мәселелері қамтылды.
