Елдің болашағы деп есептелетін жастардың саулығы ата-ананың ғана емес қоғамның да назарын аудартуда. Өйткені қазіргі таңда жастар денсаулығына селқос қарап, дұрыс тамақтанбай, одан қала берді зиянды заттарға әуес болып, салауатты өмір дағдысынан шығып кеткен. Міне осы олқылықтың орнын толтыру үшін бірлестіктің Алматы филиалы Мәриям атындағы медициналық колледжіне барып, студенттермен кездесу ұйымдастыстырды. Іс-шараға ұжыммен бірге сараптама кеңесінің мүшесі, нутрицолог Еркежан Садыкова барып, дұрыс тамақтану жайлы кеңестерімен бөлісті. «Қазақ «Ас – адамның арқауы», «Ауру – астан» деп бекер айтпаған. Қазіргі уақытта сэндвич, гамбургер, донер, пицца, чипси, қуырылған картоп және түрлі газдалған сусындар баршылық. Бірақ, олардың сапасы мен құрамында не бар екендігі көпшілікті аса мазалай бермейді. Осындай тағамдардың құрамында майлар мен консерванттар көп кездесетіндіктен дәрумен мүлдем жоқ. Кейбіреулер оның денсаулыққа зиян екенін біле тұра, одан бас тартпайды. Өйткені, аталған өнімдерді жасаушылар оның дәмін күшейтетін арнайы қоспаларды қосады да, сол арқылы тұтынушыларды өзіне тартады. Артық салмақ, гастрит және жалпы әлсіздік, стресстік жағдайлар – осылардың нәтижесі болып табылады», - деген Еркежан ханым дұрыс тамақтана білу де үлкен мәдениеттілікке жататынын жастар санасына құя білді. Жастар жағы да пікірлерін білдіріп, маманның кеңесімен келісіп жатты. Осындай кездесулер арқылы жастардың дені сау болып өсуіне ықпал ете аламыз.