Қоғамда қылмыс жасап, өзін қажетсіз сезініп, алдағы өмірінен үміт үзгендер аз емес. Сол үшін де шартты түрде сотталғандар мен бақылаудан бөлек бас бостандығынан айырылғандарға құқықтық-психологиялық көмек көрсетуге ықпал етудің маңызы зор. Осы мақсатта «Сенімен Болашақ» РҚБ Алматы қалалық филиалы Алматы қаласындағы Түрксіб және Алматы аудандық ҚАЖД полиция қызметінің пробация бөлімімен бірлесе отырып семинар-тренинг өткізді. Филиал офисіне жиналғандарға филиал психологы Шынар Сағынышқызы мен коуч-тренер Сағадат Ташболатқызы дәріс оқып, олардың жүректеріне жазалы болған азаматтар да қоғамның бір бөлшегіне айнала алады деген берік сенім ұялатуға тырысты. Ал филиал басшысының м.у.а. Қуаныш Күнболатова бір жыл бұрын іске кірісіп, бүгінде нәтижелі жұмыс істеп келе жатқан бірлестік туралы айтып, бүгінгі іс-шараны ұйымдастырудағы мақсатпен түсіндіріп кетті. Тренингке келген пробация қызметкерлері шараны маңызы зор екенін, алдағы уақытта бірлесе жұмыс жасауға ниетті екендіктерін жеткізді.
- Еліміздегі қылмыстық-атқару жүйесіне пробация қызметінің енгізілгеніне көп болған жоқ. Жалпы пробация дегеніміз - латын тілінен аударғанда «сынау» деген мағынаны білдіреді. Ал пробация қызметкерлерінің міндеті - бостандығынан айырмайтын жазаға кесілген немесе мерзімінен бұрын шартты жазаға босаған сотталушыны бақылап және тексеріп қана қоймай, оған еркін өмірге бейімделуге, жұмысқа орналасуына, білім алуына көмектесу. Осы жолда бізге көмек көрсетіп жатқан бірлестік ұжымына алғыс білдіреміз, - деді пробация қызметінің инспекторы, әділет капитаны Диана Мукашева.
Түрксіб ауданы мен Алмалы ауданы бойынша шартты жазаға босаған сотталушылар өздерін қайта тәрбиеленуіне мүмкіндік беріп жатқандарына алғыстарын білдірді. Өйткені сотталушының кінәсі қанша жерден ауыр болса да, ол мемлекетіміздің азаматы деген аттан айырылмайды. Өздерін толғандырып жүрген сұрақтарын қойып, кәсіби мамандардан жауап алды.