Бала неге басқалармен ата-анасына қарағанда өзін жақсырақ ұстайды?
30.09.2026
«Мұғалімі оның сабырлы әрі тәрбиелі екенін айтады, ал үйде онымен тіл табыса алмаймыз». «Достарымен қалыпты сөйлеседі, ал менімен үнемі дөрекі сөйлеседі». «Неге ол жаттықтырушыны тыңдайды, ал менің өтініштерімді мүлде естімейтін сияқты?» — мұндай жағдайлар ата-аналарды жиі таңғалдырады.
Бұл әсіресе мектеп жасында және жасөспірімдік кезеңде байқалады. Бала мектепте жинақы болып, мұғалімдермен сыпайы сөйлесуі, жаттығуда ережелерді сақтауы мүмкін, ал үйде ата-анасымен дауласып, ашуланып, дөрекі жауап беруі ықтимал.
Мұның бір себебі — үйден тыс жерде бала белгілі бір ережелер мен әлеуметтік күтулер бар ортада болады. Ол сабақ кезінде мұғалдің сөзін бөлуге болмайтынын, жаттықтырушымен келісу керегін, ал достарымен қарым-қатынаста олардың реакциясын ескеру маңызды екенін түсінеді. Бала жағдайға қарай өз мінез-құлқын бақылауды үйренеді.
Үйде бұл бақылау әлсіреуі мүмкін. Бұл баланың ата-анасын әдейі ашуландырғысы келетінін білдірмейді. Керісінше, дәл үйде ол өзін жеткілікті еркін сезініп, жиналып қалған ашуын, шаршауын немесе келіспеушілігін көрсете алады.
Мысалы, жасөспірім күні бойы мектепте сабырлы сөйлесіп жүріп, кешке анасына: «Қойшы, мен өзім білемін», — деп жауап беруі мүмкін. Ата-анаға бұл аяқ астынан пайда болған дөрекілік сияқты көрінеді. Бірақ оның артында анасының сөзін тыңдағысы келмеу ғана емес, өз бетінше болуға деген қажеттілік, шаршау немесе күні бойы сыртқа шығарылмаған ашу-ыза болуы мүмкін.
Тағы бір себеп — баланың ата-анасын жақсы тануы: олардың шекараларын, реакцияларын және өзінен не күтетінін түсінеді. Осындай болжамдылық балаға қауіпсіздік сезімін береді. Сондықтан жақын адамдарымен бірге ол өз мінез-құлқында еркінірек бола алады: дауласады, наразылығын білдіреді, ашуын көрсетеді немесе келіспейтінін айтады. Ал айналасындағы адамдарды (мұғалімдерді, достарын және т.б.) бала ата-анасындай жақсы білмейді, сондықтан олармен қарым-қатынаста өзін көбірек бақылауы мүмкін.
«Басқалармен өзіңді қалыпты ұстайсың, ал менімен мүлде басқасың» деп салыстырудың орнына, шын мәнінде не болып жатқанын түсінуге тырысқан пайдалырақ. Бала үйде өзін қалай сезінеді? Оның өз келіспеушілігін айтуға мүмкіндігі бар ма? Ережелер оған түсінікті ме? Ата-анасы оның өсіп келе жатқан дербестігін қаншалықты құрметтейді? Ал жанжалдан кейін олардың арасында не болады?
Кейде мінез-құлықтағы айырмашылықтың артында шынымен де «жаман мінез» емес, әртүрлі қарым-қатынас пен әртүрлі жағдайлар тұрады. Бала өзінен белгілі бір мінез-құлық күтілетін жерде жинақы болуы мүмкін, ал өзін еркін сезінетін жерде эмоциясын көбірек көрсетуі мүмкін.
Ата-ананың міндеті — баланың барлық ересектермен бірдей мінез-құлық көрсетуіне қол жеткізу емес. Ең маңыздысы — оған ашуын және келіспеушілігін дөрекілікке бармай жеткізуді, басқа адамдардың шекарасын сақтауды және отбасымен жақын қарым-қатынасты бұзбай, біртіндеп дербес болуды үйрету.