Сананы оятқан сәуле

Қазақ тарихында есімі елдік пен білімнің, ар-ұждан мен ағартушылықтың синониміне айналған тұлғалар саусақпен санарлық. Солардың көш басында — Ахмет Байтұрсынұлы тұр. Сүйінбай, Абай, Ыбырай салған ағартушылық жолды ғылыми, саяси, әлеуметтік деңгейде жаңа белеске көтерген Ахаңды біз «Ұлт ұстазы» деп құрметтейміз. Ал бұл мәртебе оған не себепті берілді? Неге жүз жыл өтсе де Ахаңның мұрасы өз өзектілігін жоғалтқан жоқ?

1. Тілді де, әліпбиді де берген – Бас Мұғалім

Ахмет Байтұрсынұлы – қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымының іргетасын қалаушы. Ол сауатсыздық жайлаған заманда халықты оқытудың ең төте жолын тапты. Ахаң жасап шығарған «Төте жазу» (араб графикасына негізделген қазақ әліпбиі) ұлтымыздың ақпараттық, рухани тәуелсіздігін қамтамасыз етті.

Сондай-ақ, ол бүгінде біз мектепте оқып жүрген «зат есім», «етістік», «баяндауыш», «буын», «екпін» сияқты жүздеген грамматикалық терминдерді ғылымға енгізді. Ахмет – бүкіл Алаш баласын бір әліппеге біріктірген Ұлт Мұғалімі.

2. «Маса» болып ызыңдаған азаматтық сана

Ахаңның ұстаздығы тек мектеп партасымен шектелген жоқ. Ол «Маса» жинағы арқылы қалың, ұйқыда жатқан елін оятуға тырысты. «Қарағым, оқу оқы, босқа баспа...» деп жас ұрпаққа бағыт берді.

Ол үшін білім алу – ішкі еркіндікке, ұлттық қауіпсіздікке жетудің жалғыз жолы еді.

3. Ертеңді ойлаған стратегиялық мұра

Ахмет Байтұрсынұлының атақты сөзі бар: «Ел – бүгіншіл, менікі – ертең үшін».

Бүгінгі заманның басты дерттерінің бірі – уақытша пайда мен қысқа мерзімді нәтижеге ұмтылу, яғни бүгіншілдік. Ал Ахаң бізге ертеңгі күнді, ұрпақ болашағын, сапалы тәрбие мен терең білімді ойлауды үйретті.

Нағыз ұстаздық сөз бен істің бірлігінен көрінеді. Ол өз басының жайлылығынан елдің ертеңін жоғары қойды.

Бүгінгі «Сенімен Болашақ» және Ахаң мұрасы

Бүгінгі таңда «Сенімен Болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігі жүргізіп жатқан «Ахмет айлығының» басты мақсаты — Ахаңның осы ұлы ағартушылық миссиясын заманауи форматта жаңғырту, азаматтық сана, ар-ұждан тазалығы мен ертеңге деген жауапкершілікті дамыту.

Ахмет Байтұрсынұлының мұрасы – біздің болашаққа ұмтылатын ұлттық бағдаршамымыз!