«Абай онкүндігі»: азаматтық сана мен рухани құндылықты жаңғыртатын бастама
Абай күніне орай «Сенімен Болашақ» РҚБ-ның ағартушылық бағыты ұйымдастырған «Абай онкүндігі» өтті. Онкүндік ұлы ойшылдың рухани мұрасын дәріптеп қана қоймай, Абайдың адамгершілік, білім, еңбек, ғылым және азаматтық жауапкершілік туралы терең ойларын бүгінгі қоғам тынысымен сабақтастыруға бағытталды.
Бастаманың негізгі мақсаты – азаматтық сананы қалыптастыру, отбасылық және рухани құндылықтарды нығайту, Абай тағылымын заманауи ұрпаққа жаңа форматта жеткізу.
Онкүндік аясында әлеуметтік желілерде Абайдың 1, 3, 6, 8, 15, 17 және 18-қара сөздері негізінде әзірленген танымдық рилс пен карусель-посттар жарияланды. Материалдарда азаматтық жауапкершілік, ішкі мәдениет, өзін-өзі дамыту, адамдық болмыс пен саналы қоғам мәселелері кеңінен қозғалды.
Абайдың «Ғылым таппай мақтанба» өлеңіндегі білім мен ғылымға ұмтылу идеясын насихаттау мақсатында «Сенімен Болашақ» РҚБ ұжымы ақын шығармасын бірге оқып, әлеуметтік желіде мазмұнды форматтағы ұжымдық челлендж ұйымдастырды.
Онкүндіктің маңызды бағыттарының бірі – «Сенімен Болашақ» РҚБ-ның төл туындысы «Абай ғибратнамасы» кітабын кеңінен таныстыру болды. Кітаптағы Абайдың тағылымды ойларын оқырманға жеткізу арқылы хакім мұрасының бүгінгі отбасы тәрбиесі мен қоғамдық сана үшін маңызы айшықталды.
Өңірлердегі бастамалар
Республикалық бастамаға бірлестіктің өңірлік филиалдары да белсенді атсалысты.
Ақмола облысында «Достық үйінде» Абайдың қара сөздерін мәнерлеп оқу және олардың мазмұнын терең пайымдауға арналған «Абай – дана» интеллектуалдық сайысы өтті. Қатысушылар хакімнің ой-толғамдарын талдап, білімдері мен зерделілік қабілеттерін ортаға салды.
Қарағанды облысында қала көшелері мен қоғамдық орындарда Абайдың нақыл сөздері мен өлеңдері жазылған эстетикалық буклеттер таратылды. Тұрғындарға ақынның адамдық пен парасатқа үндеген тағылымды ойлары ұсынылды.
Қызылорда облысында «Абай ғибратнамасы» кітабы негізінде «Минутқа оқу» эстафетасы ұйымдастырылып, тұрғындарды кітап оқуға және Абай мұрасын тануға үндейтін бейнематериал әзірленді.
Алматы облысында, Талғар аудандық жастар орталығында жастар мен филиал жанашырларының қатысуымен «Абайдан альфа ұрпаққа дейін» атты әдеби-танымдық кеш өтті. Кездесу барысында «Абай ғибратнамасы» кітабы таныстырылып, ұлы ойшылдың тағылымын жаңа буынның дүниетанымымен сабақтастыру мәселесі талқыланды.
Павлодар облысының филиалы С. Торайғыров атындағы облыстық кітапхана ұйымдастырған «Абайдың мұрасы – мәңгілік» ғылыми-танымдық симпозиумына қатысып, хакім философиясының қазіргі ағартушылық кеңістіктегі орны мен маңызын талқылады.
Сонымен қатар бірқатар өңірде тұрғындармен тікелей байланыс орнатуға бағытталған «Ашық микрофон» форматындағы іс-шаралар ұйымдастырылды. Қала тұрғындары Абай шығармаларынан үзінділер оқып, ақын мұрасы туралы өз ойларын ортаға салды.
«Абай ғибратнамасы» кітабы бойынша жүргізілген сауалнамалар арқылы тұрғындардың кітап мазмұнына қызығушылығы мен көзқарасы зерделенді.
«Абай онкүндігі» – ұлы ойшыл мұрасын дәріптеу арқылы азаматтық жауапкершілік, білімге ұмтылу, рухани кемелдену және отбасылық құндылықтарды нығайтуға бағытталған маңызды ағартушылық бастама болды.