«Senimen Bolashaq» Республикалық қоғамдық бірлестігінің Алматы филиалының бастамасымен Талғар ауданы Кендал ауылдық округінің кітапханасында «Мәшһүр Жүсіп мұрасындағы азаматтық ұстаным» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Іс-шараға ауылдық әкімдік қызметкерлері, кітапханашылар және аудандық Жастар ресурстық орталығының мамандары қатысты. Кездесу барысында Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының рухани кемелдену, жеке жауапкершілік, азаматтық сана, ұлттық құндылықтар және қоғамдық белсенділік туралы ой-тұжырымдары қазіргі қоғамдық үдерістер тұрғысынан талқыланды.
Қатысушылар ойшылдың шығармашылық мұрасының өскелең ұрпақты тәрбиелеудегі маңызын атап өтті. Азаматтық ұстанымның негізі адамның өзіне, отбасына, қоғамға және Отанына деген жауапкершілігінен басталатыны айтылды. Сонымен қатар цифрлық дәуірдегі ақпараттық сауаттылық, «жайлылық тұзағын» еңсеру және ұлттық құндылықтарды сақтау мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Кітапханашы Ризвангүл Токарзаева Мәшһүр Жүсіптің еңбектері жастардың азаматтық санасын қалыптастыруда маңызды рухани-адамгершілік бағдар болып табылатынын атап өтті. Оның айтуынша, мұндай ағартушылық іс-шаралар ұлттық сана-сезімді, рухани құндылықтарды нығайтуға және белсенді азаматтық ұстанымды қалыптастыруға ықпал етеді.