2026 жылғы 22 қыркүйекте Қызылорда қаласында қала күніне орай Орталық алаңда «Кітап FEST – 2026» кітап фестивалі өтті.

Ауқымды мәдени іс-шараға республикадан келген баспа үйлерімен бірге «Сенімен Болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігінің Қызылорда облыстық филиалы да қатысып, бірлестік тарапынан жарық көрген кітаптарды көпшілік назарына ұсынды.

Фестиваль аясында оқырмандарға:

  • Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының 5 томдығы;
  • С. Негимовтің «Абай ғибратнамасы»;
  • Жүсіпбек Аймауытовтың «Психология» және «Тәрбиеге жетекші»;
  • М. Дулатұлының «Оян, қазақ!»;
  • М. Жұмабаевтың «Педагогика»;
  • Шалва Амонашвилидің «Ізгілік педагогикасы»;
  • «PSYCHOLOGY: Әлемнің үздік зерттеулері»

кітаптары таныстырылып, көрмеге қойылды.

Аталған еңбектердің мазмұны ұлттық тәрбие, педагогика, психология, адами құндылықтар мен тұлғалық дамудың өзекті мәселелерін қамтиды. Көрме барысында келушілер кітаптармен танысып, өздерін қызықтырған басылымдарды сатып алуға мүмкіндік алды.

Кітап арқылы азаматтық сананы ояту, азаматтық жауапкершілікке шақыру, ұлттық және адами құндылықтарды дәріптеу — Бірлестіктің маңызды бағыттарының бірі. Осы бағытта кітапты білім мен тәрбие құралы ретінде насихаттап, оқырман мәдениетін қалыптастыруға бағытталған жұмыстар тұрақты түрде жүргізіліп келеді.

Фестиваль қорытындысы бойынша «Сенімен Болашақ» РҚБ Қызылорда облыстық филиалы Қызылорда облысы әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Бұл марапат — филиал ұжымының қоғамдық, ағартушылық және рухани бағыттағы еңбегіне берілген бағалардың бірі.