Павлодар қаласындағы Монтаж және спорт колледжі және Б.Ахметов атындағы педагогикалық колледжінің студенттері мен кітапхана оқырмандарына арналған «KitapTime-2026» республикалық кітап фестивалі және «Оқитын ұлт» республикалық кітап оқу марафоны аясында «Оқу мәдениеті – ұлт болашағы» атты әдеби кеш өтті.

Іс-шараның негізгі мақсаты – жастардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру, оқу мәдениетін қалыптастыру және әдебиеттің тұлғалық дамудағы маңызын түсіндіру.

Әдеби кеш барысында кітаптың қазіргі қоғамдағы орны, көркем әдебиеттің адам дүниетанымы мен ойлау жүйесін қалыптастырудағы рөлі, мәдени мұраны сақтау және оқырмандық талғамды дамыту мәселелері қозғалды. Студенттер өздері оқыған қазақстандық және шетелдік авторлардың шығармаларын таныстырып, сүйікті кітаптары мен әдеби кейіпкерлері туралы ой бөлісті.

Кеш қонақтары қатарында ақын, аудармашы Айбек Оралхан және «Сенімен Болашақ» РҚБ Павлодар облыстық филиалының басшысы Перизат Құрманәлі болды. Қонақтар жастармен кітап оқу мәдениеті, әдеби талғам және тұлғаның рухани қалыптасуы жөнінде пікір алмасты.

Іс-шараның маңызды бөлігінің бірі – «Сенімен Болашақ» РҚБ-ның ағартушылық бағыты аясында өткен «Цифрлық детокс және мәтін мәдениеті» тақырыбындағы дәріс болды.

Дәріс барысында цифрлық ақпараттың адам санасына әсері, ақпаратты қабылдау және саралау мәдениеті, мәтінді түсініп оқу мен негізгі ойды ажырата білу мәселелері талқыланды.

Пікір алмасу барысында қатысушылар кітап оқу мен мәтінді терең түсінудің сөздік қорды байытуға, сыни ойлауды дамытуға және өзіндік көзқарасты қалыптастыруға ықпалы туралы ойларын ортаға салды. Сонымен қатар қазіргі жастардың оқу дағдысы мен цифрлық ортадағы ақпаратты тұтыну ерекшеліктері талқыланды.

Әдеби кеш жастарды кітаппен жақындастырып қана қоймай, оқу мәдениетінің жеке тұлғаның қалыптасуы мен қоғамның интеллектуалдық әлеуетін арттырудағы маңызын тағы бір мәрте айқындады.