Қазіргі таңда мамандық таңдау – жасөспірімнің болашағына тікелей әсер ететін маңызды қадамдардың бірі

Әр оқушы өзінің қызығушылығы мен қабілетіне сай мамандықты таңдап, еңбек нарығының талаптарын ескере білуі қажет. Осы бағытта Павлодар облысында оқушыларға кәсіби бағдар беруге бағытталған түрлі жобалар жүзеге асырылуда. Солардың бірі – «Сенімен Болашақ» РҚБ Павлодар облыстық филиалының «Мамандығым – мақтанышым» атты аймақ оқушыларының кәсіби бағдарлау жобасы.

Сегіз ай бойы жалғасатын бұл жобаның негізгі мақсаты – Павлодар облысындағы оқушылардың болашақ мамандығын саналы түрде таңдауына жағдай жасау, еңбек нарығының талаптарына сәйкес кәсіби бағыт беру және олардың кәсіби өзін-өзі анықтауына ықпал ету.

Жоба аясында оқушылардың қабілеті мен қызығушылығына сәйкес кәсіби бағыт беру, еңбек нарығындағы сұранысқа ие мамандықтармен таныстыру жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар оқушыларға жоғары оқу орындары мен колледждер туралы өзекті ақпарат жеткізіліп, мамандық таңдауда дұрыс шешім қабылдауға мүмкіндік беріледі.

Кәсіби бағдар беру барысында ата-аналар мен мұғалімдердің де рөлі ерекше.

Сондықтан жоба аясында ата-аналар мен мұғалімдердің кәсіби бағдарлау үдерісіне белсенді қатысуын ұйымдастыруға басымдық беріледі. Себебі баланың болашақ мамандығын таңдауда оның жеке қызығушылығы ғана емес, ата-анасы мен ұстаздарының дұрыс бағыт-бағдары да маңызды.

Жобаның тағы бір маңызды бағыты – ауыл мектептеріндегі оқушыларға қолжетімді ақпараттық кеңес беру алаңын қалыптастыру. Бұл ауыл жастарына түрлі мамандықтар, білім алу мүмкіндіктері және еңбек нарығындағы сұраныс туралы қажетті ақпарат алуға жол ашады.

Бүгінде заман талабына сай жаңа мамандықтар пайда болып, еңбек нарығы үнемі өзгеріп келеді. Сондықтан оқушылардың мектеп қабырғасынан бастап өз қабілетін танып, қандай салаға бейімі бар екенін анықтауы өте маңызды.

Дұрыс таңдалған мамандық – болашақтағы кәсіби жетістіктің негізі.

Жоба барысында оқушыларға тек мамандықтар туралы ақпарат беріп қана қоймай, өз қабілетін бағалауға, қызығушылығын анықтауға және болашаққа нақты мақсат қоюға мүмкіндік беріледі.

Осы бағыттағы жұмыстың тұрақты серіктесі – «ОЛИМП» диагностикалық орталығы. Орталық мамандарының кәсіби бағдар беру ісіне қосқан үлесі оқушылардың өз мүмкіндіктерін тереңірек түсінуіне және болашақ мамандығын саналы түрде таңдауына ықпал етеді.

Жобаның алғашқы қатысушылары – Успен ауданы, Абай атындағы ЖОББМ-нің 11-сынып оқушылары – «ОЛИМП» орталығында болып, зертхана қызметінің қыр-сырымен танысты.

«Мамандығым – мақтанышым» жобасы – жас ұрпақтың кәсіби болашағына бағыт-бағдар беріп, олардың қоғамға қажетті, өзіне ұнайтын және қабілетіне сай мамандық таңдауына мүмкіндік беретін маңызды бастама.

Осындай жобалардың арқасында бүгінгі оқушы ертеңгі кәсіби маман ретінде өз орнын табуға сенімді қадам жасай алады.