Қарағандыда «Сенімен Болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігінің «Өзіңді тап, өзегіңе орал» бағыты және «Жүсіпбек айлығы» аясында қазақтың көрнекті жазушысы, педагог әрі психолог Жүсіпбек Аймауытовтың «Психология» еңбегіне арналған танымдық кездесу өтті.
Іс-шараны «Сенімен Болашақ» РҚБ Қарағанды облыстық филиалы ұйымдастырды. Кездесуде 1926 жылы жарық көрген «Психология» еңбегінің мазмұны, ғылыми-танымдық маңызы және бүгінгі қоғам үшін өзектілігі талқыланды.
Жүсіпбек Аймауытов бұл еңбегінде адамның жан дүниесі, ойлау жүйесі, сезімі мен мінез-құлқына қатысты мәселелерді ғылыми тұрғыдан қарастырады. Ғасыр бұрын жазылған еңбектегі адам табиғатын тануға бағытталған ой-тұжырымдар бүгінгі күні де қызығушылық тудырады.
Кездесуге «Сенімен Болашақ» РҚБ Төрағасы Г.Б. Серикбекова қатысты. Талқылауды бірлестіктің Қарағанды облыстық филиалының психологы Ш.Т. Икенова жүргізді.
Жиын барысында психолог мамандар мен бірлестік жанашырлары кітаптағы негізгі ойларды талдап, оларды кәсіби тәжірибелерімен сабақтастырды. Қатысушылар адамды тану мен түсіну, оның ішкі әлеміне үңілу және қоғамдағы психологиялық сауаттылықты арттыру мәселелері төңірегінде пікір алмасты.
Айта кетейік, «Сенімен Болашақ» РҚБ Жүсіпбек Аймауытовтың «Психология» еңбегін қайта басып шығарып, оқырманға ұсынды. Кездесуде ғалымның құнды мұрасын кеңінен насихаттау және кейінгі ұрпаққа таныстырудың маңызы атап өтілді.