Саналы қоғам – сапалы мемлекет
2026 жылғы 19 тамызда «Сенімен Болашақ» РҚБ Қарағанды облыстық филиалында өңір Жанашырларына арналған «Community Сана Сақшылары» кездесуі өтті. Жиынға Бірлестіктің өңірлерді дамыту жөніндегі Жанашырлармен жұмыс бойынша координатор Хызыр Жанарыс қатысты.
Community – ортақ құндылықтарды ту еткен, ел болашағына бейжай қарамайтын, қоғам игілігі жолында еңбек етуге ұмтылатын азаматтарды біріктіретін қоғамдық бастама. Оның негізінде азаматтық жауапкершілік, саналы көзқарас, ұрпақ тәрбиесі жолындағы азаматтардың ортақ жауапкершілігі, ізгілік пен өзара құрмет қағидаттары жатыр.
Бастаманың негізгі мақсаты – азаматтық жауапкершілік пен қоғамдық сананы нығайту, әр азаматтың ел дамуына қосар үлесін нақты істер арқылы көрсету. Өйткені қоғамдағы оң өзгерістер әр адамның өз ортасындағы жауапты әрекетінен басталады.
Кездесу барысында қатысушылар еркін пікір алмасып, тәжірибелерімен бөлісіп, жаңа идеяларын ортаға салды. Қоғамға бейжай қарамайтын, ортақ құндылықтарды қолдайтын Жанашырлардың бір ортаға жиналуының маңызы ерекше екені атап өтілді.
Жиынның тағы бір маңызды тұсы – қатарымыздың жаңа Жанашырлармен толығуы. Ортақ құндылықтарды бөлісетін, қоғамның дамуына үлес қосуға ниетті азаматтардың бір мақсат жолында бірігуі – маңызды қадам.
Кездесуге Павлодар облысының Жанашырлары да қатысты. Бақұстар Шәпетайұлы бастаған белсенді азаматтар өз өңірлерінде қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, азаматтық бастамаларға үлес қосып жүрген жандар. Олардың тәжірибесі мен белсенділігі қатысушылар үшін құнды тәжірибе болды.
Осындай кездесулер өңірлер арасындағы тәжірибе алмасуға, жаңа бастамаларды талқылауға және ортақ мақсат жолында күш біріктіруге мүмкіндік береді.
Бірлік бар жерде – береке, ортақ мақсат бар жерде – нәтиже бар. Әрқайсымыз өз ортамызда жауапкершілікпен әрекет ете білсек, қоғамның да өзгерері сөзсіз.