Отбасы күніне орай Аққулы ауданында ата-ана мен бала арасындағы байланысты нығайтуға және отбасылық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған «Отбасылық шеберхана» аудандық фестивалі өтті.

Мазмұнды шара Қазы орта мектебінің базасында ұйымдастырылып, оған «Сенімен Болашақ» РҚБ Павлодар облысы филиалының Жанашыры Жанғазы Еркеғали Жұмабайұлы, ауданның белсенді ата-аналары, педагогтер мен оқушылар қатысты. Фестивальге 100-ге жуық ата-ана және 50-ден астам педагог қатысып, шығармашылық алаңдарда өзара тәжірибе алмасты.

Фестивальдің басты ерекшелігі – ата-ана мен баланың бірлесіп шығармашылықпен айналысып, ортақ іске жұмылуы. Қатысушылар отбасымен бірге уақыт өткізіп қана қоймай, өзара қарым-қатынасты нығайтуға мүмкіндік алды.

Шара барысында «Отбасылық флорариум», кәдесыйлар мен сәндік бұйымдар жасау секілді шығармашылық бағыттар бойынша арнайы алаңдар ұйымдастырылды. Ата-аналар мен балалар өз қолдарымен түрлі бұйымдар жасап, шығармашылық қабілеттерін танытты.

Бірлескен жұмыс барысында отбасы мүшелері пікір алмасып, бір-біріне қолдау көрсетіп, өзара түсіністік пен сенімді нығайтты.

Фестиваль қатысушылары үшін бұл күн шығармашылықпен айналысатын алаң ғана емес, отбасымен бірге мазмұнды уақыт өткізіп, қарым-қатынасты нығайтуға мүмкіндік берген ерекше ортаға айналды.

Осындай іс-шаралар ата-ана мен бала арасындағы байланысты күшейтуге, отбасылық дәстүрлерді сақтауға және бала тәрбиесіне ата-аналардың белсенді араласуына ықпал етеді. Отбасы – тәрбие бастауы, ал берік отбасы – саналы қоғамның негізі.

Шара соңында «Сенімен Болашақ» РҚБ Павлодар облысы филиалы атынан фестивальге белсенді қатысқан отбасыларға алғыс хаттар табысталды.

Аққулы ауданында өткен «Отбасылық шеберхана» фестивалі «Бақытты отбасы – бақытты бала – жарқын болашақ» қағидасының мәнін айқындап, отбасылық құндылықтарды нығайтуға бағытталған мазмұнды шара ретінде өз жалғасын тапты.