«ПРЕЗИДЕНТ ОТБАСЫЛЫҚ-ТҰРМЫСТЫҚ ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚ ҮШІН ЖАЗАНЫ ҚАТАҢДАТУДЫ ҚОЛДАЙДЫ»
04.01.2024
Мемлекет басшысы «Қазақ газеттері» ЖШС бас директоры Дихан Қамзабекұлына берген сұхбатында бірқатар маңызды мәселелерді, соның ішінде идеологиялық тақырыптар мен құндылықтар жүйесінің өзгеруін де қозғаған болатын.
Бірлестік төрайымы Президент бастамаларына қатысты қоғамның реакциясымен бөлісті.
«Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы елімізде әйелдер мен балаларға қатысты жасалған қатыгез оқиғаларға байланысты бұл мәселеге ерекше назар аударды. Президент сұхбатта атап өткен жаңа заң жобасы отбасындағы зорлық-зомбылықпен күресуге және оның алдын алуға бағытталған тиімді шараларды қамтитын болады. Өткен жылдың деректеріне сәйкес, тек Астана қалалық полиция департаментіне отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері бойынша күніне шамамен 50-60 қоңырау түседі. Күн сайын соттарға тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарынан 20-40 аралығында талап-арыз келіп түседі. Өткен жылы біз социологиялық зерттеу жүргіздік. Нәтижеге сәйкес, респонденттердің 32 пайызы отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алуда тиімді құрал ретінде түсіндіру жұмыстарын, тренингтер мен оқытуды атаған; тағы 32 пайызы психологиялық кеңес беруді қолдаса, 21 пайызы заңнаманы қатаңдатуды қолдады. Бұл қоғамның аталған мәселеге деген прогрессивті көзқарасын көрсетеді», – деді қоғам қайраткері.
Жансая Бердімұрат Президенттің отбасылық зорлық-зомбылық үшін жазаны қатаңдатуды жеке қолдайтынын және заңсыздық пен қатыгездікке қарсы батыл әрекет етуге шақырғанын атап өтті.
«Бұл жаһандық қоғамдық мәселені тек бірлескен күш-жігер арқылы ғана шешуге болады. Біздің қоғамдық бірлестіктің миссиясы – қазақстандықтар арасында жауапты ата-ана болу мәдениетін қалыптастыру және отбасылық құндылықтарды насихаттау, сондай-ақ Президенттің отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу және онымен күресу бастамаларын қолдау. Жыл сайын Қазақстанда осындай жобалар саны артып келеді, бұл қоғамның отбасылық зорлық-зомбылық мәселесін елемеуге дайын еместігін көрсетеді. Бұл жеке азаматтардың мәселесінен гөрі, мемлекет ең жоғары деңгейде жұмыс істеп жатқан өзекті әлеуметтік проблемаға айналып отыр», – деп түйіндеді спикер.
← Барлық жаңалықтар