Жаңа Конституциядағы азаматтық жауапкершіліктің күшеюі
25.06.2026
Іс-шараға «Сенімен Болашақ» РҚБ Алматы филиалының жетекшісі Меруерт Мәулетқызы, заңгер-сарапшы Мәдіхан Шаһризада Әбдірашитқызы және Respublica партиясының ReJastary жастар қанатының белсендісі Енкебаева Рәбина Қобланқызы қатысты.
Кітапхана қызметкері Аяла Нұржаубекованың кіріспе сөзінен кейін қатысушылар Ата Заңдағы негізгі өзгерістер мен жаңашылдықтар жөнінде ой бөлісті. Модератор Меруерт Мәулетқызы жаңа Конституцияның басты ерекшелігі ретінде азаматтық жауапкершілік қағидатының күшеюін атап өтті. Бірлестік осы қағидатты бес жылдан бері жұмыс өзегі етіп алып келе жатқанын жеткізді.
Заңгер-сарапшы Шаһризада Әбдірашитқызы 1995 жылғы Конституция қабылданған кезең мен қазіргі құқықтық және экономикалық даму арасындағы айырмашылықтарға тоқталып, жаңа Конституцияның адам құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, сондай-ақ құқықтық мемлекетті нығайтуға бағытталғанын айтты. Сонымен қатар жеке деректерді қорғау, жеке өмірге қол сұқпау және ұлттық құндылықтарды сақтау мәселелерінің маңызына назар аударды.
Жастар өкілі Рәбина Қобланқызы жаңа Конституция жастарға білім, ғылым, волонтерлік және инновациялық салада даму үшін кең мүмкіндіктер беретінін атап өтті.
Іс-шара соңында қатысушылар сұрақтар қойып, пікір алмасты.
← Барлық жаңалықтар