Қызылордада «Сенімен Болашақ» бірлестігінің 5 жылдық жұмысы қорытындыланды
26.06.2026
Бүгін Қызылорда қаласында «Сенімен Болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігінің Қызылорда облыстық филиалы ұйымдастырған «Серіктестік пен сенім: 5 жылдық тәжірибе және жаңа мүмкіндіктер» атты дөңгелек үстел өтті.
Іс-шараға Қызылорда облысының қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Даурен Тілеуметов, «Сенімен Болашақ» РҚБ Төрағасы міндетін атқарушы Гүлшат Серикбекова, серіктес мемлекеттік мекемелердің өкілдері, бірлестік Жанашырлары, білім беру ұйымдарының басшылары мен мамандары, психологтар, қоғамдық ұйымдар мен БАҚ өкілдері қатысты.
«Сапалы мемлекет – төрелі елдің кепілі» деп кез келген алаңдарында мемлекетіміздің орны төрден табылсын деген ниетпен бастаған бірлестігіміздің мүшелігіне қазіргі таңда 160 мыңға жуық адам тіркелген. Бүгінде бірлестік республика көлемінде 16 өңірде филиал қалыптастырды. Оның ішінде 7 филиал белсенді жұмыс істеп келеді. Ал қалған өңірлер жергілікті жерден қолдау болған жағдайда толыққанды іске қосылуға дайын», – деді «Сенімен Болашақ» РҚБ Төрағасы міндетін атқарушы Гүлшат Серикбекова.
Бірлестік құрылған сәттен бастап өңірдегі білім беру ұйымдарымен, мемлекеттік мекемелермен және қоғамдық ұйымдармен бірлесе отырып, азаматтық қоғамды нығайтуға, саналы ата-ана мәдениетін қалыптастыруға, қоғамдағы азаматтық жауапкершілік пен азаматтық сананы арттыруға бағытталған түрлі ауқымды іс-шаралар, әлеуметтік жобалар, психологиялық тренингтер мен жастарға арналған бастамаларды жүйелі түрде жүзеге асырып келеді.
«Бүгінде Қызылорда облысында 973 үкіметтік емес ұйым тіркелген. Үкіметтік емес ұйымдар қоғамдық келісімді нығайту, отбасы институтын қолдау, жастар саясатын дамыту, қайырымдылық мәдениетін қалыптастыру, инклюзивті қоғам құру, қоршаған ортаны қорғау, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру және халықтың әлеуметтік осал топтарына қолдау көрсету бағыттарында ауқымды жұмыстар жүргізуде», – деді Қызылорда облысының қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Д.Тілеуметов.
Кездесу барысында сапалы тәрбие мен саналы қоғам қалыптастыру, отбасы құндылықтарын нығайту, ата-аналардың бала тәрбиесіндегі рөлі және қоғамдық бастамаларға азаматтардың белсенді қатысуы секілді өзекті мәселелер кеңінен талқыланды.
← Барлық жаңалықтар